«Атамекен»: «ЭКСЖ» ұлттық жобасында отандық өндірушілердің үлесін арттыру қажет
Астанада Қазақстанның энергетика және коммуналдық секторларын жаңғыртуға бағытталған «ЭКСЖ» ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шара барысында өндірісті жергіліктендіру, техникалық реттеу, отандық тауар өндірушілердің (ОТӨ) мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуы, стандарттау мәселелері, сондай-ақ құрылыс саласындағы жүйелі проблемалар талқыланды.
Жиын барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры – Басқарушы директор Алмат Асқар ұлттық жобаны жүзеге асыру кезінде қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғау басты басымдықтардың бірі болуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тәжірибесін ескере отырып, келесі жүйелі мәселелерге ерекше назар аудару қажет екенін жеткізді:
· мердігерлік және жобалау ұйымдарының отандық тауар өндірушілермен өзара іс-қимылын күшейту;
· өнімді өндіру және жеткізу мерзімдерін ескере отырып, ОТӨ-мен тауар жеткізу шарттарын уақтылы жасау;
· жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде отандық тауарларды қолдануды бақылау, сондай-ақ олардың нақты пайдаланылуын мониторингтеу және қадағалау.
Оның айтуынша, бүгінде өнеркәсіп саласында қолданыстағы техникалық стандарттарды өзектендіру және жаңа стандарттарды әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл отандық кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттырып, ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобаларда қолданылатын өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП табиғи монополия субъектілерінің сатып алу жүйесіндегі жүйелі мәселелерге де ерекше назар аударып отыр. Палатаның мәліметінше, төлем жасау мерзімдері өңірлер бойынша әртүрлі және жекелеген жағдайларда 360 банктік күнге дейін созылады. Сонымен қатар тапсырыс берушілердің оңалту немесе банкроттық рәсімдеріне ұшырау жағдайлары да кездеседі. Бұл өз кезегінде өндірушілерге елеулі қаржылық салмақ түсіріп, кәсіпорындардың айтарлықтай шығынға ұшырауына себеп болуда.
«Бүгінде отандық өндірушілер ұзақ төлем мерзімдері мен жоғары қаржылық тәуекелдердің салдарынан айналым қаражатынан іс жүзінде айырылып отыр. Ұлттық жобалар аясындағы жергіліктендіру саясаты нақты экономикалық тетіктермен қамтамасыз етілуі тиіс. Әйтпеген жағдайда импортты алмастыру жөніндегі міндеттер толық көлемде орындалмайды», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры – Басқарушы директор Алмат Асқар.
Спикер сондай-ақ қолданыстағы сәйкестікті растау және стандарттау жүйесі сапаны бақылаудың қажетті деңгейін толық қамтамасыз ете алмайтынын әрі өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әрдайым ынталандыра бермейтінін айтты. Осыған байланысты Палата сынақ зертханаларының әлеуетін дамыту мен өнім сапасын міндетті және ерікті растау тетіктерін кеңінен қолдануды ұсынады.
Семинар барысында отандық өнімдерді АГСК-3 каталогына енгізу рәсімдерінің ұзаққа созылуы мәселесі де көтерілді. «Атамекен» отандық өндірушілердің өтінімдерін қарау мерзімдерін қысқартуды және Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде тіркелген өнімдерді басым тәртіппен енгізуді ұсынды.
Полимерлі құбыр өндірушілер қауымдастығының өтініші негізінде Палата ҚазҚСҒЗИ сметалық жинақтарындағы бағаларды уақытылы жаңарту қажеттігін де мәлімдеді. 2026 жылдың көктемінде полиэтилен шикізатының құны айтарлықтай өскеніне қарамастан, қолданыстағы сметалық бағалар нарықтық деңгейден едәуір төмен болып қалып отыр. Мұндай жағдай «ЭКСЖ» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау, газбен жабдықтау және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын іске асыруға қауіп төндіруі мүмкін.
Жиын қорытындысында Палата ұлттық жобалардағы қазақстандық қамту үлесін арттыру, сапалы стандарттау жүйесін дамыту және отандық өндірушілердің ұлттық әрі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына әділ жағдай жасау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.