«Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бизнесті қорғау бағытындағы өзара іс-қимылды күшейтуде

16.06.2026
«Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бизнесті қорғау бағытындағы өзара іс-қимылды күшейтуде

Астанада «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Құжат кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнесті жүргізу жағдайларын жетілдіру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Меморандум аясында тараптар кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы барысында туындайтын жүйелі мәселелерді анықтау және жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен талдау жүргізу, ақпарат пен үздік тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ білім беру және ағартушылық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты күшейтуді көздейді.

Шара барысында сөз сөйлеген Қанат Шарлапаев бизнестің құқықтарын қорғау және кәсіпкерлік қызмет үшін әділ жағдайлар қалыптастыру Ұлттық палатаның негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Бүгінгі іс-шара мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық арасындағы сындарлы диалогты нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Меморандумның басты мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын тиімді қорғауды, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында күш-жігерді біріктіру», – деді ол.

Изображение

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұның айқын дәлелі 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемінің 9,6 трлн теңгеге жетуі. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылғы 5,3 трлн теңгемен салыстырғанда екі есеге жуық өскен.

Агенттік басшысы жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіру адалдық мәдениетін қалыптастыруға, тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге және кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Изображение

Кездесудің модераторы, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының тиімділігін дәлелдеген практикалық тетіктер туралы айтты. Солардың бірі ретінде ол «Бизнеске жол» жобасын атады.

Жоба іске қосылған 2023 жылдан бері 47 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісінің құқықтары қорғалып, 600-ден астам мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қатысты шамамен 12 мың тергеу әрекеті бойынша 1 929 қорытынды қаралды. Жоба аясында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне тоқталған Гүлнар Бижанова бизнес-процестердің ашықтығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәсіпкерлік секторға деген сенімді нығайту құралы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Изображение

Бұдан бөлек, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етудегі цифрлық шешімдердің рөліне ерекше назар аударылды. Осындай тиімді құралдардың бірі – «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі. Оның арқасында 2019 жылдан бері сатып алуды жоспарлау кезеңінде 227 млрд теңгеден астам сомаға бағаны негізсіз көтеру жағдайларының алдын алынды. Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында ғана жүйе бюджет қаражатын 33,1 млрд теңгеге үнемдеуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, меморандумға қол қою мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыруға, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған кезекті маңызды қадам болды.

Изображение

 

Изображение

 

Изображение