Қазақстандағы ветеринариялық фармацевтика және дамудың жүйелік кедергілері

16.06.2026
Қазақстандағы ветеринариялық фармацевтика және дамудың жүйелік кедергілері

Биылғы жылдың маусым айының басында халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды қамтамасыз етуге, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттыруға бағытталған 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың Кешенді жоспары бекітілді.

Құжаттың негізгі басымдықтарының қатарында жануарлардың аса қауіпті ауруларымен күрес, ветеринария мамандарының жалақысын арттыру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, экспорттық әлеуетті кеңейту, ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды дамыту, өндіріс пен айналымның барлық кезеңдерінде өнімнің қадағалану жүйесін енгізу, саланы цифрландыру, сондай-ақ, ветеринариялық фармацевтика өнеркәсібін дамыту көзделген.

Қазіргі уақытта елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 кәсіпорын жұмыс істейді.

«Саланың азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығына қарамастан, оның дамуы бірқатар жүйелі шектеулермен тежелуде», - деп атап өтті Ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігі республикалық Қауымдастығының төрағасы Марат Құмаров.

«Ең өзекті мәселелердің бірі – импорттық ветеринариялық препараттарға жоғары тәуелділік. Ауру қоздырғыштарының жергілікті штамдары негізінде отандық биологиялық препараттар өндірісінің жеткіліксіз деңгейі эпизоотиялық қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету мүмкіндігін шектеп, елдің сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін күшейтеді», - деп толықтырды Қауымдастық төрағасы.

«Саланы дамытуға әсер ететін қосымша факторлардың бірі – институционалдық айқынсыздық. Бүгінде ветеринариялық препараттар өндірісі ресми түрде фармацевтика өнеркәсібіне (ЭҚЖЖ 21202) жатқызылғанымен, өзінің мәні бойынша фармацевтика мен агроөнеркәсіптік кешеннің түйіскен тұсында орналасқан. Соның салдарынан өндірушілер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған мемлекеттік қолдау шараларына, оның ішінде субсидияларға, салықтық жеңілдіктерге және жеңілдетілген қаржыландыруға толыққанды қол жеткізе алмай отыр», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Бағила  Сәкенова.

Қалыптасқан жағдай институционалдық алшақтықты туындатып, отандық ветеринариялық препараттар өндірісінің дамуына және импортқа тәуелділікті төмендетуге кедергі келтіруде.

Саланың мәртебесінің нақты айқындалмауы оның инвестициялық тартымдылығына да кері әсерін тигізуде. Қаржы институттары ветеринариялық фармацевтиканы жоғары капитал сыйымдылығына, жобалардың ұзақ мерзімді өтелуіне, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және өндірісті технологиялық жаңартуға тұрақты инвестициялардың қажеттілігіне байланысты тәуекелі жоғары бағыт ретінде қарастырады. Арнайы қаржылық құралдардың болмауы саланың ғылыми-өндірістік базасын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

«Өз кезегінде, қолданыстағы салық саясаты да елеулі кедергі болып отыр. Қосылған құн салығының 16%-дық мөлшерлемесі ветеринариялық препараттарға, шикізатқа және өндірістік жабдықтарға қолданылады, бұл өнімнің өзіндік құнын арттырып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Импорттық өнім басымдыққа ие болып отырған жағдайда бұл нарықтағы теңгерімсіздіктің сақталуына ықпал етеді», - деді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Самат Сейілов.

Еуразиялық экономикалық одақ талаптары аясында GMP (Good Manufacturing Practice – Тиісті өндірістік практика) стандарттарына көшу мәселесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл стандарттарды енгізу өндірістік қуаттарды ауқымды жаңғыртуды және елеулі қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық реттеу мәселелері әлі де өзекті болып қалып отыр, бұл бизнес үшін қосымша реттеушілік тәуекелдер туғызады.

Осылайша, Қазақстандағы ветеринариялық фармацевтиканың тұрақты дамуы жинақталған жүйелі мәселелерді кешенді түрде шешкен жағдайда ғана мүмкін болады. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде саланың мәртебесін институционалдық тұрғыдан бекіту, мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту, мамандандырылған қаржылық құралдарды құру, өндірушілерді салықтық ынталандыру және заңнаманы халықаралық стандарттармен одан әрі үйлестіру айқындалуы тиіс.

«Аталған шаралар іске аспайынша және көтерілген мәселелер шешімін таппайынша, Қазақстан ветеринариялық препараттар импортына жоғары тәуелділігін сақтап қалу қаупіне ұшырайды. Бұл өз кезегінде елдің биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін», - деп түйіндеді Қауымдастық төрағасы Марат Құмаров.