Көкшетауда жекеменшік балабақшалар үшін су тарифтері мәселесі оң шешімін тапты
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін коммуналдық кәсіпорын бұрын қабылдаған шешімін қайта қарап, төлемдерді қайта есептеді.
Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасына жекеменшік балабақшалардың өкілдері, тәрбиеленушілердің ата-аналары мен ұйым қызметкерлерінен ұжымдық өтініш келіп түсті. Өтінішке Көкшетау қаласының «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК тарапынан бірқатар нысандардың тұтынушылар санатының өзгертілуі және соның салдарынан сумен жабдықтау мен су бұру қызметтеріне жоғары тарифтің қолданылуы себеп болған.
Өтініш иелерінің айтуынша, жеке кәсіпкерлік нысанында жұмыс істейтін және мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қызмет көрсететін жекеменшік балабақшалар мемлекеттік заңды тұлға болып табылмаса да, бюджеттік тұтынушылар санатына жатқызылған.
Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары ұсынылған материалдарды, шарттарды және қолданыстағы заңнаманы жан-жақты зерделеді. Талдау барысында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, Кәсіпкерлік кодексі, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңы, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсетуге арналған үлгілік шарттар, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының талаптары қаралды.
«Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі іс жүзінде кәсіпкерлік субъектілері арқылы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Ақмола облысы білім басқармасының ресми жауабына сәйкес, аталған балабақшалар мемлекеттік заңды тұлға болып табылмайды және олардың қызметі жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылады. Бюджеттік ұйымдарға арналған тарифтерді қолдану жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындарының едәуір артуына әкелуі мүмкін. Ал қосымша қаржыландыру болмаған жағдайда бұл шығындар мемлекеттік білім беру тапсырысын орындап отырған кәсіпкерлердің мойнына жүктеледі», – деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.
Сонымен қатар коммуналдық шығындардың өсуі кәсіпкерлердің қызметкерлердің жалақысын көтеру, материалдық-техникалық базаны дамыту және балалар үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндіктерін шектейді. Түптеп келгенде, бұл шығындар ата-аналар төлемінің өсуіне әсер етіп, қоғамда алаңдаушылық туғызуы ықтимал еді.
Құқықтық талдау жүргізіліп, бірқатар жұмыс кездесулері мен консультациялардан кейін мәселе қайта қаралды. Жуырда Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасына «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК-дан ресми жауап келіп түсті. Ұсынылған шарттарды зерделеу және талдау нәтижесінде кәсіпорын өтініш иелерін «Бюджеттік тұтынушылар» санатынан «Өзге тұтынушылар» санатына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айлары үшін бұрын ұсынылған электрондық шот-фактуралар кері қайтарылып, қайта есептеліп, аталған санатқа белгіленген тариф бойынша қайта ұсынылды.
Осылайша, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға түсетін негізсіз қаржылық жүктеменің алдын алып, мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің қызметін тұрақты жағдайда жалғастыруына жағдай жасалды.
«Бұл жағдай кәсіпкерлердің құқықтарын уақтылы қорғау арқылы тек әділдікті қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар салдары жүздеген отбасы мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің мүдделеріне әсер етуі мүмкін шешімдердің алдын алуға мүмкіндік беретінін көрсетті», – деді Расул Сыздықов.