Атырауда шыны және айна бұйымдарын өндіру ісі дамып келеді
«Art Glass» ЖК негізін қалаушы Николай Юн сәндік айналар, интерьерге арналған бұйымдар, ыдыс-аяқ және басқа да өнімдерді, оның ішінде жеке тапсырыс бойынша дайындайды.
Биыл шебер өз өнімдерін Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңінде алғаш рет таныстырды.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл өндірісті ашу идеясы нарықтағы бос орынды іздеу барысында пайда болған.
«Бір кездері өз кәсібімді ашудың жолдарын іздеп жүріп, шыны кесу ісіне тап болдым. Көріп көрдім, ұнады, содан бері осы бағытта дамып келемін», – дейді Николай Юн.
Мамандығы бойынша ол – өрт қауіпсіздігі инженері. Кәсіп ашқанға дейін жалдамалы жұмыста жүріп, өз ісін қатар дамытқан.
«Жеке кәсіпкерлікті 2013 жылы тіркедім. Алғашында негізгі жұмысымды кәсіппен қатар алып жүрдім. Ісім тұрақты табыс әкеле бастаған соң, толықтай кәсіпкерлікке бет бұрып, жұмыстан шықтым», – дейді ол.
Қазір кәсіпкер шағын цехта шыны мен айнадан жасалған түрлі бұйымдарды өндіреді.
«Шыны мен айнадан әртүрлі бұйымдар, сәндік айналар, жазуы бар айналар жасаймын. Негізінен жеке тапсырыстармен жұмыс істеймін», – деп түсіндірді шебер.
Кәсіпкер экологиялық өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Екі жыл бұрын шеберханада шыны қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік беретін шыны балқыту пеші іске қосылған.
«Шыны қалдықтарын, бөтелкелерді, шыны сынықтарын және шыны кесуден қалған қалдықтарды қайта өңдеймін. Оларды балқытып, жаңа өнім шығарамын», – дейді Николай Юн.
Қазіргі уақытта кәсіпкер жұмысты өзі атқарып келеді. Алайда алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Әзірге сұраныс жоғары емес, адамдар біздің өнімдер мен шеберхананың мүмкіндіктері туралы енді ғана біле бастады. Өндірісті кеңейткен кезде қызметкерлерді жұмысқа алып, шынымен жұмыс істеуге үйретуді жоспарлап отырмын», – деді ол.
Шеберханадағы барлық жабдық кәсіпкердің жеке қаражатына сатып алынған.
«Жабдықтарды Ресейден алдым. Қазіргі таңда өндіріс мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен кеңейтіп, өз қаражатыма дамып келемін», – дейді кәсіпкер.
Николай Юн үшін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысу өз ісін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік берген.
«Биыл мен бұл байқауға алғаш рет қатыстым. Негізгі мақсатым – Атырауда шыны бұйымдарын өндіретін және шыны үрлеу шеберханасы жұмыс істейтінін халықтың білуі», – деп қорытындылады кәсіпкер.