Бизнес балалардың қауіпсіздігіне басымдық береді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау мәселелеріне арналған кеңес өтті. Іс-шара балаларды сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялауға қатысты бизнестің өзекті мәселелерін талқылау және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Кеңеске ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың мамандары, сондай-ақ балаларды сауықтыру және демалыс қызметтерін көрсететін кәсіпкерлік субъектілері қатысты.
Кездесу барысында балаларды сауықтыру орталықтарын лицензиялау тетіктері, лицензиялық талаптар, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларды алу тәртібі, сондай-ақ балалар туризмін дамыту мәселелері қаралды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Ғабдушев лицензиялауға жататын балаларды сауықтыру нысандары және оларға қойылатын біліктілік талаптары туралы баяндама жасады.
Ал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Тамақтану, білім беру және тәрбие объектілерін бақылау басқармасының басшысы Гүлшара Қожатова балаларды оқыту және сауықтыру ұйымдарын ашуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды түсіндіріп, тиісті қорытындыларды алудың қолданыстағы тәртібі туралы ақпарат берді.

Кәсіпкерлер қауымдастығы атынан Балалар мен жасөспірімдер туризмі және демалысы Республикалық қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов сөз сөйлеп, лицензиялауға қатысты бизнес өкілдерінің мәселелері мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, кәсіпкерлер лицензиялау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, қойылатын талаптарды жан-жақты түсіндіру және өтпелі кезеңде қолдау көрсету қажеттігіне баса назар аударылды.

Кеңес барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі күндізгі форматтағы балалар лагерьлері лицензияланатын қызмет түріне жатпайтынын, олардың хабарлама тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет санатына кіретінін түсіндірді. Сонымен қатар, егер орталық емдеу сипатындағы қызметтерді (физиотерапия, массаж және т.б.) көрсетпесе, онда ол жақын маңдағы медициналық мекемемен медициналық қызмет көрсету туралы шарт жасасу арқылы медициналық кабинетсіз жұмыс істей алатыны айтылды.
Сондай-ақ балалар лагерлерін күзетпен қамтамасыз ету талабына қатысты мәселе көтерілді. Осыған байланысты балаларды сауықтыру лагерьлері күзет ұйымдарымен тиісті шарт жасасуы қажет екені түсіндірілді.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Балаларды сауықтыру саласында қауіпсіздік талаптарының сақталуы аса маңызды. Сонымен қатар лицензиялау тетіктері бизнестің дамуына кедергі келтірмеуі керек, керісінше көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс. Біздің міндетіміз – мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасында тиімді диалог қалыптастырып, туындаған мәселелер бойынша теңгерімді шешімдер әзірлеу», – деді Жеңіс Тайшытаев.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар лицензиялау жүйесін енгізу барысында туындайтын мәселелерді бірлесіп пысықтау жұмыстарын жалғастыруға, түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және балалар туризмі мен сауықтыру саласының тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасауға уағдаласты.