Атырауда «Қазыналы Каспий» халықаралық балық фестивалі өтуде
Өңірде «Қазыналы Каспий» халықаралық балық фестивалі басталды. Ауқымды іс-шараның серіктестерінің қатарында Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы бар.
Фестиваль Каспий маңы елдерінің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығының, ғылыми орталардың және салалық ұйымдардың өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шара жұмысы су биоресурстарын сақтау, акваөсіруді дамыту және балық шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған «Каспий маңы серіктестігі: балық шаруашылығы мен акваөсірудің тұрақты дамуы» атты халықаралық салалық форумнан басталды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын сақтау – Каспий маңы мемлекеттері үшін маңызды міндеттердің бірі.
«Каспийдің өзіндік ерекшеліктері бар. Оның биоресурстарын сақтау мақсатында Каспий маңы елдері арасында тәжірибе алмасу маңызды. Сонымен қатар қолда бар ресурстарды пайдаланумен шектелмей, акваөсіру саласын дамыту қажет. Өткен жылы Мемлекет басшысы акваөсіру туралы заңға қол қойды. Бұл құжат балық өсіру шаруашылықтарына мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды шараларын қарастырады», – деді ол.
Комитет төрағасының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда акваөсірумен айналысатын 700-ден астам субъект жұмыс істейді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Елдегі балық өндірісінің жылдық көлемі 26 мың тоннаға жеткен. Саланы дамыту жоспарына сәйкес, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 270 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
«Мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюі кәсіпкерлердің бұл салаға деген қызығушылығын едәуір арттырды. Бұрын жем-шөпке, дәрі-дәрмекке, шабақ сатып алуға және ғылыми негіздемелерге ғана субсидия берілсе, бүгінде сумен жабдықтау шығындарына, су тапшылығы бар өңірлердегі ұңғымаларды пайдалануға да қолдау көзделіп отыр. Сонымен қатар балық өсіру шаруашылықтарының айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған», – деді Серік Сермағамбетов.

Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Каспий маңы өңіріндегі балық шаруашылығы мен акваөсірудің тұрақты дамуы мәселелерін талқылауға арналған халықаралық диалог алаңын қалыптастыру, ғылыми зерттеулерді жетілдіру, инновациялық шешімдерді енгізу, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және Каспий теңізінің су биоресурстарын ұтымды пайдалану.

Форум қатысушылары Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, Каспий теңізінің өзекті экологиялық мәселелері мен биоалуантүрлілікті сақтау, акваөсіруді дамыту перспективалары және заманауи технологияларды енгізу, бағалы балық түрлерінің қорын молайту шаралары, сондай-ақ халықаралық ғылыми, инвестициялық және технологиялық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Фестиваль аясында Атырау облысының балық шаруашылығы кешені нысандарына таныстыру сапарлары да ұйымдастырылды.
Кешке өңір тұрғындары мен қонақтарын мазмұнды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы күтеді. Оның аясында Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберу акциясы, кемелер шеруі, балық аулау турнирі, Каспий тақырыбындағы «Арт Бейнелеу» шығармашылық шарасы, балық тағамдарын әзірлеуші аспаздар байқауы, гастрономиялық фестиваль, балық өнімдерінің жәрмеңкесі және өзге де мерекелік іс-шаралар өтеді.