Сараптамадан бастап нысанның пайдалануға берілуіне дейін: бизнес құрылыс саласын жаңғырту бойынша ұсыныстарын айтты
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында инвестициялық жобаларды іске асыру және құрылыс жобаларының мемлекеттік сараптамадан өту барысында туындайтын мәселелерін шешу жөніндегі шараларды талқылау һәм әзірлеу бойынша кеңес отырысы өтті.
ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен һткенн іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Әлішер Қожасбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, салалық қауымдастықтардың, сарапшылар қоғамдастығының, жобалау ұйымдарының және құрылыс бизнесінің өкілдері қатысты.
Кеңесті ашқан Қанат Шарлапаев мемлекеттік сараптама рәсімдерін жетілдіру және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелері инвестициялық ахуалды жақсарту мен құрылыс саласын дамытудағы негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп мемлекеттік сараптамадан өту регламенттерін жеңілдету, бәсекелестік ортаны дамыту, процестерді цифрландыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі шараларды әзірлеу тапсырылды. Бүгін кәсіби қоғамдастықпен бірлесіп инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімділігін және құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретін нақты шешімдер әзірлеуіміз керек», – деді Қанат Шарлапаев.
Кеңес барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов қатысушыларды Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексінде көзделген жаңашылдықтар туралы хабардар етті.
Вице-министрдің айтуынша, Кодекс салаға кешенді жаңғырту жүргізуді, цифрлық технологияларды енгізуді және құрылыс нысандарының толық өмірлік циклін басқаруды қарастырады. Негізгі жаңалықтардың қатарында бірыңғай қала құрылысы саясатын дамыту, бірыңғай қала құрылысы сараптамасы институтын енгізу, құрылысқа бақылауды күшейту және цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін кеңейту бар.

Кездесуде жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасынан өту рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрлік құжаттардың толықтығын тексеруді автоматтандыру және жобаларды қарау мерзімдерін қысқартуға әрі адами фактордың ықпалын азайтуға бағытталған цифрлық құралдарды енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар сараптаманың жекелеген функцияларын бәсекелестік ортаға беру, кейбір рәсімдерді қатар жүргізу тетіктерін енгізу, Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталын дамыту және толық электрондық құжат айналымына көшу мәселелері қаралды.
«Атамекен» ҰКП Президиумы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Талант Омарбеков, Қазақстан инжинирингтік компаниялар одағының, Қазақстан Республикасы Жобалаушылар ұлттық қауымдастығының және өзге де кәсіби салалық бірлестіктердің өкілдері сараптамадан өту мерзімдері, нормативтік-техникалық реттеуді жетілдіру, процестерді цифрландыру, әкімшілік рәсімдерді одан әрі қысқарту қажеттілігі және басқа да жүйелі мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

«Бүгінде мемлекет нарықтың барлық қатысушылары үшін реттеуді бірдей жеңілдете алмайды. Алайда сапаға, ашықтыққа және жауапкершілікке қатысты жоғары талаптарды өз еркімен қабылдаған ұйымдарға сенім арта алады. Сондықтан Ұлттық сапа стандарты мен Ұлттық өзін-өзі реттейтін ұйым кәсіби қоғамдастықты нығайтудың және Қазақстандағы жобалау сапасын арттырудың тиімді құралына айналуы тиіс», – деді Талант Омарбеков.
Талқылау қорытындысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс секторындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру міндеттері мен бизнестің практикалық тәжірибесін ескере отырып, қолданыстағы рәсімдерді одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

«Бүгінгі талқылау құрылыс сапасы мен саладағы кәсіпкерлік қызмет жағдайларына әсер ететін бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетті. Кәсіпкерлердің ұсыныстары нормативтік-құқықтық базаны және әкімшілік рәсімдерді жетілдіру жөніндегі одан арғы жұмыста ескеріледі деп сенеміз. Өз тарапымыздан «Атамекен» ҰКП кәсіби қоғамдастықтың ұстанымын шоғырландыруды жалғастырып, құрылыс саласын дамытуға, жобалау сапасын арттыруға және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шешімдерді әзірлеуге қатыса бермек», – деді Қанат Шарлапаев.
Кеңес қорытындысы бойынша бизнестен түскен ұсыныстарды жинақтау, кәсіпкерлік қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың бірыңғай ұстанымын қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің құрылыс саласы мен инвестициялық қызметті жетілдіруге қатысты тапсырмаларын іске асыру үшін ұсынымдар пакетін әзірлеу туралы шешім қабылданды.