Жидек алқаптарынан сүт фермаларына дейін: Мәртөк ауданындағы кәсіпкерлік тынысы
Бүгінде ауыл кәсіпкерлері қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр, олар қандай мәселелермен бетпе-бет келеді және бизнестің дамуына не ықпал етеді? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудан әкімінің орынбасары Айбат Ербазиев пен аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Бақытжан Мүлқаевпен бірге ол бірқатар өндірістік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, жергілікті бизнестің даму перспективаларын талқылады.
Палата өкілдері кездескен кәсіпкерлердің ішінде ерекше назар аудартқаны – бірнеше жыл бұрын облыс орталығынан Родниковка ауылына қоныс аударған Нұржан Жақсығалиевтің отбасылық шаруашылығы болды. Аз уақыт ішінде олардың құлпынай өсіру жобасы шағын отбасылық кәсіптен қарқынды дамып келе жатқан ауыл шаруашылығы кәсіпорнына айналды.
Жобаның бастауына «Ауыл аманаты» бағдарламасы серпін берді. Бүгінде шаруашылық бір жарым гектар алқаптан өнім алып отыр және келесі даму кезеңіне дайындалуда. Алдағы уақытта құлпынай егілетін жер көлемін үш еседен астам ұлғайтып, бес гектарға жеткізу жоспарланған.

Қазір алқаптарда маусымның ең жауапты кезеңдерінің бірі – келесі жылдың өніміне негіз қалау жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа плантацияларға арналған ондаған шақырымдық қатарлар дайындалып, оларға шамамен жүз мың түп құлпынай көшеті отырғызылмақ. Көшеттер мамандандырылған питомниктен жеткізіледі. Олардың қатарында Италияның «Вивара» және «Мурано», сондай-ақ АҚШ-та шығарылған «Сан Андреас» секілді жоғары сұранысқа ие сұрыптар бар.
Өндірілген өнім жергілікті нарықпен қатар облыстан тыс өңірлерге де жөнелтіледі. Құлпынай Атырау, Ақтау және Орал қалаларына жеткізіледі. Сонымен бірге кәсіпорын жаңа піскен өнім өндірумен ғана шектелмей, оны өңдеу бағытын да дамытып келеді. Мұнда джем мен тосап өндіріледі.
Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылықтың әрі қарай дамуы заманауи агротехнологияларды енгізумен байланысты. Өсімдіктерді ауа райының қолайсыз әсерінен қорғау үшін өндірістік тоннельдер кезең-кезеңімен орнатылып жатыр. Бұл күрт континенттік климат жағдайында тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Bio berry» кәсіпорнында жиырмаға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмыстар кезінде қосымша жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар мұнда таңқурай өсіру бойынша тәжірибелер жүргізіліп, жидек өнімдерінің түрлері кеңейтілуде. Кәсіпорын Қырғызстан мен Мысырды қоса алғанда, шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатуда.

Аграрлық секторға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Родники-Агро» ЖШС. Кәсіпорын жыл сайын 30 мың гектардан астам егіс алқабын өңдеп, бидай, арпа, жасымық, сорго, күнбағыс және судан шөбін өсіреді.

Шаруашылық басшысы Есет Шамбаев қонақтарды шахталық типтегі заманауи AZAM астық кептіру кешенінің жұмысымен таныстырды. Өнімділігі жоғары жабдық астық, бұршақ және майлы дақылдарды сапалы кептіріп, сақтауға дайындауға мүмкіндік береді.
Өндірістік базаға бару барысында Палата өкілдері ауыл шаруашылығы техникаларын алдағы орақ науқанына дайындау қызу жүріп жатқан машина-трактор шеберханасын да аралады.

Жұмыс сапары аясында Палата өкілдері Таңырберген ауылдық округіндегі «Рад-Агро» ЖШС қызметімен де танысты. Мұнда сүт бағытындағы мал шаруашылығы дамып келеді.

Ал Сарыжар ауылдық округінде олар қияр, қызанақ және қарбыз өсіретін «Нива» көкөніс шаруашылығында болды. Шаруашылықта мал өсірумен қатар бие сүтін өңдеу ісі де қолға алынған.

Сонымен қатар сапар барысында жергілікті дүкендердің бірінің иелерімен кездесу өтті. Кездесуде кәсіп жүргізудің қазіргі жағдайы, салық салу мәселелері және ауылдық жерлердегі сауданы дамыту жоспарлары талқыланды.
Мәртөк ауылында делегация Светлана Назаренконың шоктық мұздату технологиясы бойынша өнім шығаратын кондитерлік цехына барды. Кездесу барысында салық заңнамасындағы өзгерістер мен шағын бизнестің жұмыс істеу шарттары сөз болды.

Дидар Боранқұловтың айтуынша, жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
– Жыл басынан бері ауданда бөлшек салық мөлшерлемесі төрт пайыздан үш пайызға дейін төмендетілді. Сонымен қатар оны екі пайызға дейін азайту мүмкіндігі де бар. Жағдайды жан-жақты зерделеп, кәсіпкерлермен кездесулер өткізгеннен кейін бұл мәселені облыстың бірқатар аудандарында жүзеге асырылған тәжірибе негізінде жергілікті атқарушы органдармен талқылайтын боламыз, – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Дидар Боранқұловтың сөзінше, мұндай сапарлар кәсіпкерлік ортадағы нақты ахуалды көруге, бизнестің сұранысын естуге және қолдау тетіктерін айқындауға мүмкіндік береді.
– Бүгін біз Мәртөк ауданында кәсіпкерліктің әртүрлі бағыттар бойынша дамып жатқанын көрдік. Мұнда азық-түлік өндірісі де, өңдеу саласы да, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы да қатар өркендеп келеді. Нұржан Жақсығалиевтің отбасы секілді өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін қаладан ауылға қоныс аударған азаматтардың мысалы ауданның әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Бұл жерде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан. Ең бастысы, жергілікті атқарушы органдар бизнеске қолдау көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, кәсіпкерлермен ашық диалог форматында жұмыс істеуге дайын, – деп атап өтті Дидар Боранқұлов.
Кәсіпкерлер палатасында мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын айтады. Ертең Палата басшысы Алға ауданына жұмыс сапарымен барады. Сонымен қатар кәсіпкерлер өзекті мәселелерін тікелей көтеріп, мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу жолдарын қарастыра алатын салалық кеңестер мен диалог алаңдары тұрақты жұмыс істейді.
