Атырауда әйелдер кәсіпкерлігі мен көшбасшылығын дамыту мәселелері талқыланды
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі «ӨЗГЕРІСТЕР ДӘУІРІ & ӘЙЕЛ КАПИТАЛЫ» атты өңірлік конгресс ұйымдастырды.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиевтің қатысуымен өткен ауқымды шара өңірдің кәсіпкер әйелдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін, қоғам қайраткерлерін, сарапшыларды, жастарды және белсенді әйелдерді бір алаңға біріктірді.
Конгрестің басты мақсаты – әйелдер көшбасшылығын дамыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, әйелдердің кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасау және бизнес пен қоғамдық қызмет салаларындағы табысты тәжірибелермен алмасу болды.
Іс-шараның құрметті қонағы ретінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты. Оның айтуынша, Қазақстанда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қарқынды дамып келеді және бұл бастама әсіресе әйелдер үшін кәсіпкерлікті бастауға жаңа мүмкіндік алаңына айналуда.
«Белгілі бір жетістікке жеткен кәсіпкерлермен қатар, біз «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өз ісін енді бастап жатқан азаматтарды да көріп отырмыз. Бұл бастама әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға кең мүмкіндіктер ашады. Атырауда бизнестің 51 пайызы әйелдердің үлесінде. Мұнайлы өңір үшін бұл – елеулі оң өзгерістердің көрсеткіші. Әрине, бұл мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі», – деді Ләззат Рамазанова.
Оның айтуынша, конгресс Атырау облысының ғана емес, еліміздің батыс өңірлерінің әйелдерін де біріктіріп, тәжірибе алмасуға және кәсіпкерлікті енді бастаған әйелдерді шабыттандыруға мүмкіндік берді.
Шара барысында қатысушылар әйелдердің бизнестегі, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, инновациялар мен инвестициялардағы рөліне қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі Қарлығаш Бекбаева әйелдердің экономиканың жаңа бағыттарын белсенді игеріп жатқанын атап өтті.
«Бүгінде әйелдер экономиканың түрлі салаларында өз орнын табуда. Біз әртараптандыру үдерісін көріп отырмыз: кәсіпкер әйелдер дәстүрлі шағын бизнестен өңдеу және өндіріс салаларына бет бұруда. Бұл бізді қуантады әрі әйелдер кәсіпкерлігінің сапалы дамып келе жатқанын көрсетеді», – деді ол.
Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, өңірлік ғылымды дамытуға және ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыста 10 ғылым докторы және 35 ғылым кандидаты әйел бар. Билік ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдануға, инвестициялар тартуға және өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға қолдау көрсетуді көздеп отыр.
Конгресс бағдарламасына панельдік және инсайт-сессиялар, ашық диалог алаңдары, networking-кездесулер, отандық тауар өндірушілер көрмесі, сондай-ақ медиа және инновациялық алаңдар енгізілді.
Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «Batys Dala Kerueni» көрмесі іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі болды. Келушілер тамақ және жеңіл өнеркәсіп, қолөнер өндірісі, білім беру және заманауи технологиялар салаларындағы жергілікті өндірушілердің өнімдері мен жетістіктерімен танысты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, конгресс өңір әйелдерінің іскерлік белсенділігін арттыруға, кәсіби байланыстарын кеңейтуге және Атырау облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға маңызды қадам болады.