Тәжірибені табыстау өнері: Шығыс Қазақстанда дуальды оқыту тәлімгерлері оқытылды

18.06.2026
Тәжірибені табыстау өнері: Шығыс Қазақстанда дуальды оқыту тәлімгерлері оқытылды

Кейбір мамандықтарды тек оқулық арқылы меңгеру мүмкін емес. Олардың қыр-сыры адамнан адамға – жеке үлгі, бірлескен еңбек, қолдау мен сенім арқылы беріледі. Сондықтан тәлімгерлік жас мамандарды даярлаудың ең құнды тетіктерінің бірі болып қала берсе, дуальды оқыту білім мен өндірісті байланыстыратын ең тиімді көпірлердің бірі саналады.

«Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ базасында дуальды оқыту жүйесіне қатысушыларға жетекшілік ететін тәлімгерлерді оқыту семинары өтті. Оған кәсіпорынның 20 маманы қатысты. Олар алдағы уақытта кәсіби білімдерімен бөлісіп қана қоймай, болашақ мамандардың еңбек жолындағы алғашқы сенімді қадамдарын жасауына бағыт-бағдар береді.

Биылғы жылдың ерекшелігі – оқытуды алғаш рет сертификатталған тренер-мультипликатор, Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан жүргізді. Жаңа формат оқу бағдарламасын барынша тәжірибеге бағыттап, нақты кәсіпорынның қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді.

Бүгінде дуальды оқыту жай ғана білім беру технологиясы емес. Бұл – бизнес пен білім беру саласының өзара іс-қимылына негізделген өміршең жүйе. Мұнда колледждер сенімді серіктеске ие болса, кәсіпорындар білікті мамандармен қамтамасыз етіледі, ал студенттер мамандықты өндіріс орнында меңгеруге мүмкіндік алады. Осы жүйедегі негізгі буын – тәлімгерлер. Олар студенттердің теориялық білімін нақты кәсіби дағдыға айналдыруға көмектеседі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының 13-бабына сәйкес өңірлік кәсіпкерлер палаталарының функцияларына дуальды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың тәлімгерлерін оқыту кіреді. Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы бұл міндетті жүйелі түрде жүзеге асырып, жұмыс тәсілдері мен форматтарын үнемі жетілдіріп келеді.

Әсет Әділханның айтуынша, 2026 жылдан бастап оқыту салалық қағидат бойынша ұйымдастырылып, кәсіпорындардың өтінімдері негізінде тікелей олардың өндірістік алаңдарында өткізіледі. Мұндай тәсіл өндірістің ерекшелігін, кадрлық қажеттіліктерді және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылдың қырларын ескере отырып, қатысушыларды дуальды оқытудың тиімді экожүйесін қалыптастыру үдерісіне тереңірек тартуға мүмкіндік береді.

«Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ дуальды оқыту жүйесін дамытуда өңірдегі көшбасшы кәсіпорындардың бірі саналады. Көп жылдан бері кәсіпорын колледждермен және ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен тығыз әріптестік орнатып келеді. Өйткені кадр даярлауға салынған инвестиция – өндірістің тұрақты болашағына салынған инвестиция екенін жақсы түсінеді.

«ҮМЗ» АҚ Персонал жөніндегі директоры Гүлмира Байбекованың айтуынша, тәлімгерлерді оқыту дуальды оқыту жүйесінің мәнін және әр қатысушының рөлін терең түсіну үшін аса қажет. Оның пікірінше, дәл тәлімгерлер кәсіпорын мен колледж арасындағы тиімді серіктестікті қалыптастырып, заманауи өндірісте сұранысқа ие білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді.

«Дуальды оқыту – кадр даярлаудың ең тиімді жүйесі. Біз оны 2014 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасымен және өңір колледждерімен әріптестікте дамытып келеміз», – деп атап өтті Гүлмира Байбекова.

Екі күн бойы қатысушылар тәлімгерліктің әдістемелік негіздерін меңгеріп қана қоймай, тәжірибелік кейстермен жұмыс істеді, нақты өндірістік жағдайларды талдап, студенттермен және білім беру ұйымдарымен өзара әрекеттесу құралдарын пысықтады. Семинар ашық диалог, кәсіби тәжірибе алмасу және жаңа шешімдерді іздеу атмосферасында өтті.

Әрбір оқытылған тәлімгердің артында жақын болашақта өндіріс алаңына келетін ондаған жас маман тұр. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы оқу аудиториясымен ғана шектелмейді. Олар білім мен тәжірибені жеткізу мәдениетін қалыптастырады, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады және жаңа буын мамандарын даярлаудың берік негізін қалайды.

Сонымен қатар, 2026 жылдың күзінде тәлімгерлердің тағы бір тобын оқыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі дуальды оқыту жүйесінің дамуына жаңа серпін беріп, кәсіпорындардың өз тәжірибесін бөлісуге және болашақ шеберлерді тәрбиелеуге дайын кәсіби мамандар қатарын арттыра түспек.