Қымыздан кемпингке дейін: Алға ауданындағы кәсіп қалай дамып жатыр?

22.06.2026
Қымыздан кемпингке дейін: Алға ауданындағы кәсіп қалай дамып жатыр?

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Алға ауданындағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен агробизнес, жол бойы сервисі және мемлекеттік қолдау шараларын дамыту мәселелерін талқылады. Жұмыс сапарына аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәулен Идрисов пен аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бернияз Ділімов қатысты.

Сапар аясындағы нысандардың бірі Ақай ауылдық округінде орналасқан "Абылай" шаруа қожалығы болды. Қожалық басшысы Қыдырбай Ксупов 30 жылға жуық уақыттан бері мал шаруашылығын, егін шаруашылығын және қымыз өндірісін табысты дамытып келеді. Бүгінде шаруашылықта 800-ге жуық жылқы мен 500-ден астам ірі қара мал бар. Ал "Bizdin ferma" брендімен өндірілетін қымыздың ай сайынғы көлемі 3,5 мың литрге жетеді.

Изображение

Алайда жетістіктермен қатар фермер бірқатар жүйелі мәселелерді де көтерді. Ең алдымен, кадр тапшылығы мәселесі сөз болды.

"Ауылдарда жұмыссыз адамдар аз емес, бірақ ауыл шаруашылығында еңбек еткісі келетіндерді табу қиын. Біз қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, лайықты жалақы ұсынамыз. Соған қарамастан кадр мәселесі өзекті болып отыр. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін тарту және тамшылатып суаруды субсидиялау бойынша да мәселелер бар. Кәсіпкерлер палатасы секілді қолдау институтының болғаны жақсы. Біз өзекті мәселелерімізді сол арқылы көтеріп, мемлекеттік органдарға жеткізе аламыз", - деді Қыдырбай Ксупов.

Кәсіпкер көтерген барлық мәселелер Палата тарапынан бақылауға алынып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады.

Изображение

Келесі нысан - "Садик" шаруа қожалығы. Сапар қатысушылары кәсіпкер Николай Карауловпен бірге егіс алқаптарын және балықтандыру жобасы жүзеге асырылып жатқан тоған шаруашылығын аралады. Шаруашылықтың негізін 1997 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген агрономы Виктор Караулов қалаған. Бүгінде әке жолын ұлы Николай Караулов пен жұбайы Юлия Билль жалғастырып келеді. Қожалық 500 гектар алқапта дәнді дақылдар өсіріп, балық шаруашылығын дамытып, көкөніс өсіру бағытын қайта жандандыруға дайындалуда.

Изображение

Өндіріс тиімділігін арттыру үшін шаруашылық лизингтік бағдарламалар арқылы алынған заманауи техника мен технологияларды кеңінен қолдануда. Сонымен қатар кәсіпорынның одан әрі дамуы үшін қолжетімді ұзақ мерзімді айналым капиталы қажет. Кәсіпкерлер палатасы балық шаруашылығын ресімдеу және жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларына қатысу мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Жұмыс сапарының тағы бір нысаны Маржанбұлақ ауылдық округіндегі "AgroMax2030" ЖШС болды. Александр Курманов басқаратын кәсіпорын 1200 басқа арналған заманауи бордақылау алаңын іске қосты. Нысан 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Жоба инвестордың жеке және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылып, етті мал шаруашылығын дамытуға арналған заманауи өндірістік база қалыптастырылды.

Изображение

Бүгінде кәсіпорын өндірісті кеңейтуді көздеп отыр. Жоспарда мал сою цехын салу және жем-шөп базасын қалыптастыру үшін суармалы егіншілікті дамыту бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша жер телімдері қажет.

"Біз қайта өңдеу бағытын және суармалы егіншілікті дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алайда шаруашылықтың әрі қарай дамуы үшін жер ресурстары қажет", - деді Александр Курманов.

Палата өкілдері көтерілген мәселелерді бақылауға алып, қолданыстағы заңнама аясында қажетті сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.

Изображение

Сапар барысында жол бойы сервисі саласының өкілдері де назардан тыс қалмады. Сарытоғай ауылы маңында орналасқан "Batys" кемпингінің иесі Болат Жанғабылов бизнесін кеңейту жоспарларымен бөлісті. Соңғы үш жыл ішінде жеке инвестиция есебінен мұнда 80 орындық қоғамдық тамақтану орны ашылған. Келесі кезеңде қонақүй кешенін салу жоспарланып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, бизнесті дамытуға кедергі болып отырған негізгі мәселе - жер тапшылығы. Кемпинг "Самара - Шымкент" республикалық автожолы бойында орналасқан.

"Жаз мезгілінде қазіргі аумақ көлік ағынын толық қабылдай алмайды, ал қыста бұл мәселе одан сайын күрделене түседі. Жабық бокстар салу және автотұрақты кеңейту үшін қосымша 4-5 гектар жер қажет", - деді Болат Жанғабылов.

Изображение

Сапар қорытындысы бойынша Дидар Боранқұлов Алға ауданындағы кәсіпкерлер өндірісті дамытуға инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын құруға және перспективалы жобаларды іске асыруға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар бизнестің тұрақты өсуі үшін жүйелі мәселелерді уақытылы шешу, қаржыландыруға қолжетімділік және тиімді мемлекеттік қолдау шаралары қажет екенін айтты.

Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бизнес жобаларды сүйемелдеп, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог алаңы қызметін атқара береді. Жұмыс сапарының келесі бағыты - Қарғалы ауданы.

Изображение