Қазақстан мен Бельгия инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

22.06.2026
Қазақстан мен Бельгия инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың Бельгия сауда палаталары федерациясының (Federation of Belgian Chambers of Commerce) бас директоры Вутер Ван Гулкпен кездесуі өтті. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесуді ашқан Қанат Шарлапаев Қазақстанның Бельгияны Еуропалық одақтағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын және екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Біз Бельгиямен қалыптасқан ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз және оны одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар деп санаймыз. Қазақстан тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі», – деді Қанат Шарлапаев.

Айта кету керек, Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция салатын елдер арасында тұрақты түрде алдыңғы орындардың бірін иеленіп келеді және бүгінде алтыншы ірі инвестор болып отыр. 2005–2025 жылдар аралығында Бельгиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі шамамен 14,5 млрд АҚШ долларын құрады. Өзара сауда-саттық та оң динамика көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 28 пайызға өсіп, 582,4 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Қазақстан экспорты – 311,5 млн АҚШ доллары, ал Бельгиядан импорт көлемі – 270,9 млн АҚШ доллары болды. Сонымен қатар тараптар екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

Изображение

Кездесу барысында инфрақұрылым, өнеркәсіп, көлік, логистика, агроөнеркәсіптік кешен және инновациялар салаларындағы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды. Қазіргі таңда Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 110-нан астам компания табысты жұмыс істейді. Олардың қатарында Sarens Group, Jan De Nul, Ahlers және Puratos секілді ірі халықаралық компаниялар да бар.

Sarens Group компаниясы Қазақстандағы ең ірі арнайы техника паркіне ие және Қытайдан Қазақстанға, Өзбекстанға және Ресейге жел энергетикалық қондырғыларының құрамдас бөліктерін тасымалдауға қатысуда. Сонымен қатар компания Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу бекеті маңында айналма жол, қойма инфрақұрылымы мен жүк көліктеріне арналған алаңдар салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Jan De Nul компаниясы Құрық порты мен Саржа терминалындағы түбін тереңдету жұмыстарын аяқтап, қазіргі уақытта Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және Каспий теңізіндегі қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған Ақтау портындағы ауқымды жобаны іске асыруға кірісті.

Өз кезегінде Ahlers Logistics AG компаниясы Алматы облысында құны шамамен 25 млн АҚШ долларын құрайтын қойма терминалдарын салу жобасын пысықтауда. Бұл жоба Еуразияның негізгі транзиттік бағыттарының біріндегі логистикалық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.

Келіссөздер барысында Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесінің қызметіне ерекше назар аударылды. Кеңес екі елдің бизнес өкілдерін біріктіріп, ақпараттық технологиялар, энергетика, логистика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. 2023 жылы құрылғаннан бері Кеңес Қазақстан мен Бельгия кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды дамытудың маңызды алаңына айналған. Қанат Шарлапаев бельгиялық серіктестерді 2026 жылдың күзінде Астанада Бельгия Королі Филипптің ресми сапары аясында өтетін Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесінің IV отырысына қатысуға шақырды.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан делегациясының Бельгияға сапарының мазмұнды іскерлік бағдарламасын талқылады. Атап айтқанда, 23 маусым күні Брюссель қаласында Қазақстан мен Еуропалық одақтың іскерлік қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізу жоспарланған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Атамекен» ҰКП, Бельгия сауда палаталары федерациясы және Бельгия-Люксембургтің «БеНиЛюкс» сауда палатасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытатынын растады. Сондай-ақ жаңа бірлескен инвестициялық және сауда жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.