Қарағанды облысында жекеменшік мектептердің өзекті мәселелері талқыланды

23.06.2026
Қарағанды облысында жекеменшік мектептердің өзекті мәселелері талқыланды

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында Палатаның Өңірлік кеңесі жанындағы Адами капиталды дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға жекеменшік білім беру ұйымдарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар және кеңес мүшелері қатысты.

Отырысты Адами капиталды дамыту жөніндегі кеңестің төрайымы, Қарағанды облысы бойынша «Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі филиалының жетекшісі Гүлнара Сейсембекова жүргізді.

Кездесудің негізгі тақырыбы жекеменшік мектептердің қызметін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру мәселесі болды. Отырыс барысында Қарағанды облысында 15 жекеменшік мектеп жұмыс істейтіні, оның ішінде үш мектептің ғимаратының нысаналы мақсатына қатысты мәселелер бар екені айтылды.

Қатысушылар ғимараттарды заң талаптарына сәйкестендіру, құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдеу және уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады.

Сонымен қатар жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы қаржыландыру қаражатының уақытылы түсуі, оқушыларды тегін оқулықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жекеменшік мектептерде білім алатын балаларға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары, оның ішінде тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері көтерілді.

Отырысқа спикер ретінде педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогика және психология саласы бойынша философия докторы (PhD), «Bolashaq» академиясының ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Дана Асакаева қатысты. Сарапшы білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікірін білдіріп, мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді шешуге және өңірдегі жекеменшік білім беру ұйымдарының дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Олар тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.