Павлодар облысының «Атамекен» палатасында медициналық ұйымдардың пациенттердің электрондық медициналық карталарымен жұмыс істеуге көшуі талқыланды

24.06.2026
Павлодар облысының «Атамекен» палатасында медициналық ұйымдардың пациенттердің электрондық медициналық карталарымен жұмыс істеуге көшуі талқыланды

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы медициналық ұйымдардың пациенттердің электрондық медициналық карталарымен жұмыс істеуге көшу мәселесін талқылау үшін кәсіпкерлерді жинады. Кездесудің бастамашысы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті.

 

Изображение

Отырысты «Атамекен» ӨКП директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам жүргізді. Медициналық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына енгізілген толықтыруларды Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департамент басшысы Ботагөз Сыздықова түсіндірді. Ол Денсаулық сақтау министрі 8 мамырда медициналық цифрлық жүйелердің міндетті түрде болуы жөніндегі біліктілік талаптарын толықтыру туралы бұйрыққа қол қойғанын еске салды.

«Бұл жаңашылдық бізге медицина қызметкерлері ретінде меншік нысанына қарамастан, қалаларда да, ауылдық жерлерде де сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, өйткені онда пациент туралы барлық деректер болады. Ал науқас өз кезегінде онлайн форматта қол жеткізу арқылы өз деректерін көре алады», – деді спикер.

 

Изображение

Бірыңғай тәсіл диагноз қоюдың дәлдігіне және емдеуді кешенді тағайындауға ықпал етеді, деп сенеді Ботагөз Сыздықова. Бұл аурумен күрес сапасына сөзсіз оң әсерін тигізеді.

«Медициналық деректерді ұлттық электрондық паспортқа беру міндеті біздің “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексімізде қарастырылған. Бұл аталған норманы іске асыруға да мүмкіндік береді», – деп нақтылады ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрінің жаңа бұйрығымен 13 шілдеден бастап күшіне енетін бірқатар өзгерістер мен толықтырулар да көзделгенін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы Назира Әбішева мәлімдеді. Ол енгізілген өзгерістер туралы айтып, бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 

Изображение