Бизнестің пен биліктің бірлескен жұмысы: «KEDEN» ақпараттық жүйесі жетілдірілуде
Сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру Қазақстанның іскерлік ортасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Осыған байланысты «KEDEN» ақпараттық жүйесін енгізу кедендік рәсімдерді одан әрі автоматтандыруға және жеделдетуге бағытталған.
Сонымен қатар, ауқымды цифрлық шешімдерді іске қосу пайдаланушылармен тұрақты кері байланысты және туындайтын мәселелерге жедел әрекет етуді талап етеді. Жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «KEDEN» ақпараттық жүйесінің жұмысын тұрақты мониторингтеуді және анықталған мәселелерді жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өтініштері мен ұсыныстарын талдау қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП шешуді қажет ететін мәселелер тізбесін қалыптастырды. Аталған мәселелер «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев мен Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов қатысқан жұмыс кездесуі барысында қаралды.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында 2026 жылғы 12 маусымда Ұлттық палата мен Қаржы министрлігінің бейінді құрылымдық бөлімшелері, кеден брокерлері қауымдастығы және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен онлайн-кеңес өткізілді.
Мемлекет пен бизнестің үйлесімді өзара іс-қимылының арқасында сыртқы экономикалық қызметке қатысатын 127 мың қатысушы мен кеден маңы инфрақұрылымындағы 2,1 мыңнан астам компания жаңа ІТ-платформаға кедергісіз көшірілді. «Атамекен» ҰКП мен ҚР Қаржы министрлігінің бірлескен жедел жұмысы шекарадағы көлік ағындарының іркіліс қаупін болдырмауға, бизнестен түскен 500-ден астам техникалық ескертуді жедел шешуге және кәсіпкерлер ұсынған 69 ұсынысты жүйе жұмысына енгізуге мүмкіндік берді.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде кедендік рәсімдерді жүргізу мерзімдері мен бизнестің қаржылық шығындарына әсер еткен бірқатар жүйелік қателер жойылды. Атап айтқанда:
Жаңа Салық кодексіне сәйкес ҚҚС есептеу алгоритмі жетілдірілді
Ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 466-бабының талаптарына сәйкестендірілді. Енді қайта өңдеу өнімдерін рәсімдеу кезінде ҚҚС есептеу базасына кедендік баждар мен өзге де салық төлемдері емес, тек қайта өңдеу құны ғана енгізіледі. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін артық салық жүктемесін болдырмауға мүмкіндік берді.
Қаржылық ақпараттық жүйелермен интеграцияның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді
Бұған дейін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар дербес шоттардағы қаражат қалдықтарының дұрыс көрсетілмеуі салдарынан тауар декларацияларын шығаруда кідірістерге тап болатын. Жүргізілген пысықтаулардың нәтижесінде жүйе нақты уақыт режимінде өзекті ақпаратты көрсетіп отырады.
XML-декларацияларды өңдеу кезінде туындайтын қателер жойылды
Жекелеген декларацияларды жүктеу барысында жүйе рұқсат беру құжаттары туралы мәліметтерді дұрыс өңдемей, пайдаланушылардың ақпаратты қайта енгізуіне тура келетін жағдайлар орын алған. Қазіргі уақытта енгізілген мәліметтерді сақтай отырып, тек анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлайтын тексеру механизмі іске қосылды.
Декларацияларды инспекторлар арасында бөлу тетігі оңтайландырылды
Жүйе алгоритмдері декларацияларды қызметтік міндеттері мен қол жеткізу құқықтарына сәйкес тек бейінді мамандарға бағыттайтындай етіп қайта бапталды. Бұл құжаттарды өңдеу уақытын қысқартуға және оларды қолмен қайта бөлудің қажеттілігін азайтуға мүмкіндік берді.
Техникалық мәселелерді шешумен қатар, пайдаланушылардың біліктілігін арттыру және жаңа цифрлық сервистерді сүйемелдеу де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі Ұлттық палатаның сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін практикалық оқыту іс-шараларын ұйымдастыру жөніндегі бастамасын қолдады.
Жақын арада «Атамекен» ҰКП алаңында Қаржы министрлігінің мамандары мен жүйе әзірлеушілерінің қатысуымен оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда. «KEDEN» ақпараттық жүйесін жетілдіру жұмыстары тұрақты негізде жалғасуда. Жүйенің жұмысын мониторингтеу және бизнестен келіп түскен жаңа өтініштерді қарау бойынша кезекті онлайн-кеңес 2026 жылғы 3 шілдеге жоспарланған.
«Атамекен» ҰКП сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды кедендік әкімшілендіру мен цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен ескертулерді жолдауды жалғастыруға шақырады.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қолданыстағы ескертулеріне қатысты пікірлер мен жауаптардың толық тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады