Бизнестің дамуына қуат қажет: Атырауда жаңа жобаларды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды

19.02.2026
Бизнестің дамуына қуат қажет: Атырауда жаңа жобаларды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында «Direct Construction Service» ЖШС өндірістік нысандарын электр желілеріне қосу, сондай-ақ Атырау қаласындағы жаңа инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлік нысандарын электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев аталған мәселе бойынша алдын ала жүргізілген жұмыстар туралы ақпарат беріп, электрмен жабдықтау мәселелерін дер кезінде шешудің бизнес пен тұрғын үй құрылысының дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Атырау қаласында «Direct Construction Service» ЖШС жүзеге асырып жатқан темірбетон бұйымдары мен конструкцияларын өндіретін зауытты электр желілеріне қосу мәселесі болды.

Компания құрылтайшысы Ержан Даирдің айтуынша, қажетті электр қуатының ұзақ уақыт бойы бөлінбеуі өндірістік жобаның іске асуына ғана емес, әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарының пайдалануға берілуіне де кері әсерін тигізіп отыр.

– Түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгініп, көптеген кездесулер өткізгенімізге қарамастан, мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан Самал шағын ауданында салынған жаңа көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілмей отыр, сондай-ақ жаңа кәсіпкерлік жобалардың іске қосылуы кейінге шегерілуде, – деді кәсіпкер.

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырымбет Кенжебаевтың мәліметінше, 2016 жылы компанияға «Аэропорт» (қазіргі атауы – «Самал») қосалқы станциясынан 2500 кВт электр қуатын қосуға арналған техникалық шарттар берілген. Алайда сол кездегі қосалқы станцияның техникалық жағдайына байланысты жобаны іске асыру мүмкін болмаған.

Қазіргі таңда қосалқы станцияны қалпына келтіру жұмыстары басталғаннан кейін компания бұрын берілген техникалық шарттардың мерзімін ұзарту жөнінде өтініш берген.

Өз кезегінде «Атырау-Жарық» АҚ бас инженері Қуат Сисенғалиев жүргізілген келіссөздер нәтижесінде нысанды 1 МВт-қа дейінгі қуатпен қамтамасыз етуге техникалық мүмкіндік бар екенін айтты.

– Нысанды электр желісіне қосу үшін қосалқы станцияның иесі – Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының келісімі қажет, – деп түсіндірді ол.

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілі Алмагүл Ермұратова жүзеге асырылып жатқан жобаның әлеуметтік маңызын атап өтіп, кәсіпкерді қолдау қажеттігін жеткізді.

– Өтініш иесі негізінен әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын жүзеге асырып келеді. Сондықтан қажетті электр қуатын беруді қолдаймыз. Сонымен қатар, бұрын бөлінген қуаттардың нақты пайдаланылуына талдау жүргізіп, техникалық шарт алғанымен, оларды пайдаланбай отырған жағдайларды анықтау қажет, – деді ол.

Отырыс барысында қаланың әрі қарайғы экономикалық және демографиялық өсімін ескере отырып, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді.

ҚР Кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкілінің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев Атырау қаласының жаңа Бас жоспарын әзірлеу кезінде бизнестің болашақтағы қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін атап өтті.

– Болашақта жаңа өндіріс орындары мен инвестициялық жобаларға жеткілікті электр қуаты қарастырылған ба деген мәселе бүгіннен бастап назарда болуы тиіс. Бұл өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына және инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер етеді, – деді ол.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына «Direct Construction Service» ЖШС өндірістік нысандарын электр желілеріне қосуға жәрдем көрсету мәселесі бойынша облыс әкімдігіне ресми хат жолдауды ұсынды.

Сонымен қатар, Табиғи монополияларды реттеу департаментіне Атырау қалалық прокуратурасымен бірлесіп, «Самал» қосалқы станциясының қуаттарын нақты пайдалануына мониторинг жүргізу және пайдаланылмай отырған резервтік қуаттарды қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізу ұсынылды.