Балық жемі өндірісі: Қазақстан импорттан бас тарта ала ма?

25.06.2026
Балық жемі өндірісі: Қазақстан импорттан бас тарта ала ма?

Отандық балық шаруашылығы саласы қарқынды даму кезеңінде тұр. Балық аулау және өсіру көлемі артып, жаңа инвестициялық жобалар іске асырылып, балық өнімдерінің экспорты біртіндеп ұлғайып келеді. Алайда саланың одан әрі дамуы, көбіне, негізгі мәселелердің бірі – балық шаруашылықтарын отандық өндірістің сапалы жемімен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуіне байланысты.

«Бүгінде жем – тиімді акваөсірудің негізгі элементі. Оның сапасы балықтың өсу қарқынына, ауруларға төзімділігіне және шаруашылықтың түпкілікті табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар жемге жұмсалатын шығындар барлық өндірістік шығындардың 60-70 пайызын құрайды. Сондықтан жем қауіпсіздігі мәселесі бүкіл сала үшін стратегиялық маңызға ие», – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Бағила Сәкенова.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Балық аулау көлемі 38,5 мың тоннаны құраса, тауарлық балық өсіру көлемі 20,9 мың тоннаға жетті. Әсіресе акваөсіру саласы қарқынды дамып, өсім 22 пайызды құрады. Бүгінде елімізде жалпы қуаттылығы жылына шамамен 120 мың тонна өнім өңдейтін 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді және қазақстандық өнім әлемнің 21 еліне экспортталады.

Изображение

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, 2030 жылға дейін жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 40-тан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде тұқы, форель және бекіре шаруашылықтары, заманауи балық өсіру кешендері мен бағалы балық түрлерін өсіретін кәсіпорындар құрылуда.

«Акваөсірудің қарқынды дамуы сапалы мамандандырылған жемге деген сұраныстың артуымен қатар жүреді. Бүгінде Қазақстанда белгілі бір көлемде түйіршіктелген жем өндірілгенімен, бұл өсіп келе жатқан қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Әсіресе форель, албырт және бекіре тұқымдас балықтарға арналған экструдталған жемдерге сұраныс жоғары, ал олардың едәуір бөлігі әлі де импортталады. Соның салдарынан отандық балық шаруашылықтары валюта бағамының өзгеруіне, логистикалық шығындарға және сыртқы жеткізушілерге тәуелді болып отыр», – дейді Алматы облысы Балық шаруашылығы субъектілері қауымдастығының жетекшісі Нұржан Жұмағалиұлы.

Соған қарамастан Қазақстан біртіндеп өзінің жем өндірісі индустриясын қалыптастыра бастаған. Мемлекет инвесторларды субсидиялау, жеңілдетілген несиелеу және инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктері арқылы қолдауға дайын. Еліміздің әртүрлі өңірлерінде акваөсіруге арналған жем өндіретін жаңа зауыттар салу жобалары қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар отандық жем өндірісін дамыту жүйелі мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Негізгі мәселелердің бірі – шикізат құнының жоғары болуы. Сапалы экструдталған жем өндіру үшін балық ұны, балық майы, ақуыз концентраттары, аминқышқылдары, дәрумендер және арнайы қоспалар қажет, ал олардың басым бөлігі импортталады. Бұл өнімнің өзіндік құнын арттырып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Сарапшылардың пікірінше, салаға шикізат компоненттерін жеңілдетілген тәртіппен импорттау, кедендік кедергілерді азайту, салықтық жеңілдіктер беру және несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктері қажет. Мұндай шаралар акваөсіру саласы дамыған елдерде кеңінен қолданылады және инвестициялық жобалардың іске қосылуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Изображение

Тағы бір маңызды мәселе – логистика. Көптеген балық шаруашылықтары шалғай өңірлерде орналасқандықтан, импорттық жемді жеткізу өндірістік шығындарды едәуір арттырады. Ал отандық өндірісті дамыту тасымалдау шығындарын қысқартуға, жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстанның өз шикізат базасын қалыптастыруға әлеуеті зор. Жем өндірісінде өсімдік ақуыздарын, дәнді дақылдарды және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу өнімдерін пайдалануға болады. Болашақта бұл шикізаттан бастап дайын мамандандырылған акваөсіру жеміне дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыруға жол ашады.

«Саланы дамытудың қосымша ынталандырушы факторы ретінде мамандандырылған индустриялық аймақтар мен акваөсіру кластерлерін құруды атауға болады. Мұнда жем өндірушілер, балық шаруашылықтары, ғылыми орталықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындары бірыңғай экожүйе аясында жұмыс істей алады. Бұл тәсіл жаңа технологияларды енгізуді жеделдетіп, өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Бағила Сәкенова.

Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан «Poseydon» ЖШС жобасы. Компания әртүрлі балық түрлеріне арналған экструдталған жем өндіретін заманауи зауыт құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды, ал кәсіпорынды іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Жобалық қуатына шыққаннан кейін зауыт жылына 30 мың тоннаға дейін дайын жем өндіре алады. Бұл қазақстандық балық шаруашылықтарының импортқа тәуелділігін едәуір азайтып, нарықты отандық өндірістің заманауи жемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жобаның ерекшелігі – бұл жай ғана құрама жем зауыты емес. Кәсіпорын акваөсіруге арналған жоғары технологиялық мамандандырылған жем өндіруге бағытталған, әртүрлі балық түрлерінің ерекшеліктері де ескеріледі. Экструдталған жем жоғары сіңімділікті қамтамасыз етіп, жем шығынын азайтады және балық өсіру тиімділігін айтарлықтай арттырады», – дейді «Poseydon» ЖШС бас директоры Мейрамбек Пазылбеков.

Оның айтуынша, салада әлі де ғылыми база, мамандандырылған инфрақұрылым және білікті кадрлар жетіспейді. Сондықтан заманауи зертханалар, шабақ өсіру орталықтары, жем өндірісі саласындағы ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлайтын жаңа білім беру бағдарламалары қажет.

Белгілі болғандай, 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында Қазақстан жыл сайынғы балық өндірісін 270 мың тоннаға дейін жеткізуді, ішкі тұтынуды арттыруды және импортқа тәуелділікті азайтуды мақсат етіп отыр. Алайда бұл ауқымды міндеттерді заманауи жем базасын қалыптастырмай жүзеге асыру мүмкін емес.

Бүгінде отандық жем өндірісін дамыту акваөсіру саласының тұрақты өсімінің негізгі факторы екені айқын болып отыр. Осы бағытта бизнес тарапынан қызығушылық артып, жаңа жобалар пайда болып, мемлекеттік қолдау шаралары кеңейіп келеді. Сондықтан балық жемін өндіруді дамыту мемлекет пен инвесторлардың стратегиялық басымдықтарының біріне айналуы тиіс. Бұл жұмыстың нәтижесі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне ғана емес, Қазақстанның бәсекеге қабілетті акваөсіру саласын қалыптастыруына, импортқа тәуелділікті азайтуына және әлемдік балық өнімдері нарығындағы позициясын нығайтуына тікелей әсер етеді.