«Атамекен» өңірлердің корпоративтік басқару саласындағы құзыреттерін күшейтуде
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңестердің мүшелері мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қызметкерлеріне арналған «Корпоративтік басқару негіздері. Үздік тәжірибелер және өңірлік аспект» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шара «Атамекен» ҰКП Президиумы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің қызметі аясында ұйымдастырылып, өңірлік деңгейдегі өкілдер үшін корпоративтік басқару мәселелеріне арналған алғашқы шара болды.

Семинарды ашқан «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин Өңірлік кеңестер мүшелері мен ӨКП қызметкерлерінің құзыреттерін арттыру қажеттілігі биылғы жылдың сәуір айында өткен «Атамекен» ҰКП Өңірлік форумында көтерілгенін атап өтті.
«Бүгінде корпоративтік басқару мәселелері еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту міндеттерімен тікелей байланысты. Корпоративтік басқару инвесторлардың сенім деңгейіне, компаниялар қызметінің ашықтығына және олардың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Осы жағдайда тиісті құзыреттерге ие мамандарға сұраныс артып келеді. Бұл бизнес қауымдастығы өкілдеріне, Өңірлік кеңестер мүшелері мен ӨКП қызметкерлеріне директорлар кеңестері мен корпоративтік басқарудың өзге де органдарының жұмысына қатысу үшін қосымша мүмкіндіктер ашады», – деді Аслан Қалиғазин.

«Атамекен» ҰКП Президиумы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров қатысушыларды Кеңестің қызметімен, заңнамадағы негізгі өзгерістермен және Қазақстандағы корпоративтік басқаруды дамытудың өзекті үрдістерімен таныстырды.
«Қазіргі таңда корпоративтік басқару ұйымдардың тиімділігін арттырудың, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етудің және инвесторлар мен іскерлік қауымдастықтың сенімін нығайтудың маңызды құралына айналды», – деп атап өтті Қамбар Омаров.

Семинар корпоративтік басқару саласындағы жетекші сарапшыларды, кәсіби бірлестіктердің, квазимемлекеттік сектордың және өңірлік ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Спикерлер қатарында Ұлыбританиядағы IoD ұйымының дипломдалған директоры, Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің Тәуелсіз директорлар комитетінің мүшесі Дина Урастаева корпоративтік басқарудың негіздері, халықаралық стандарттар және олардың бизнес пен өңірлер үшін маңызы туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Орталық Азия корпоративтік хатшылар қауымдастығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес төрағасының орынбасары Жәрдем Құрманғазиев корпоративтік құжаттар, корпоративтік басқаруды бағалау, қазақстандық және халықаралық үздік тәжірибелер, сондай-ақ ESG қағидаттары мен орнықты даму мәселелерін қамтыды. Ал «Ақтөбе» ӘКК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Абай Сарқұлов өңірлік деңгейде корпоративтік басқаруды енгізу тәжірибесімен бөлісті.

Корпоративтік басқаруда жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселесіне жеке сессия арналды. Цифрлық трансформация бойынша практикалық тәжірибесімен «Бәйтерек» холдингінің корпоративтік өзара іс-қимыл департаментінің директоры Ардақ Жұмағалиев бөлісті.
«Біз жасанды интеллект адамды алмастырмайды, керісінше оның басқарушылық және талдамалық мүмкіндіктерін күшейтеді деген қағидатты ұстанамыз. Сондықтан біздің міндетіміз тек технологиялық шешімдерді енгізумен шектелмей, жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру, құзыреттерді дамыту және басқарудың барлық деңгейлерінде шешім қабылдаудың жаңа тәсілдерін енгізу», – деді Ардақ Жұмағалиев.

Ол инвестициялық қызметте, кадрлық процестерде, алқалы органдардың жұмысында және «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай цифрлық экожүйесін дамытуда жасанды интеллектті қолдану тәжірибесі туралы айтып, корпоративтік басқаруға ЖИ-құралдарын енгізудің нақты нәтижелерін таныстырды.
«Атамекен» ҰКП корпоративтік басқаруды дамыту және бизнес өкілдерінің осы саладағы құзыреттерін арттыру Қазақстан өңірлерінде үздік басқару тәжірибелерін енгізуге және инвестициялық тартымдылықты одан әрі арттыруға ықпал ететінін атап өтті.