Идеядан жүзеге асырылуына дейін: «Атамекен» ҰКП инвесторларды қолдаудың жаңа құралдарына ие болды
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына отандық инвесторларды қолдауды кеңейтуге және жеке капиталды дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға бағытталған инвестициялық саладағы жаңа функциялар берілді.
Тиісті өзгерістер заңнамалық деңгейде бекітіліп, отандық инвесторларды инвестициялық идеяны қалыптастыру кезеңінен бастап нысанды пайдалануға беруге және жобаны іске асыру кезеңінде сервистік сүйемелдеуге дейінгі барлық кезеңде қолдауды көздейді. Палатаның жаңа функциялары тек бизнеске қолдау көрсетуге және инвестициялық белсенділікті дамытуға бағытталған.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі инвестициялық тартымдылыққа талдау жүргізуге және инвестиция тартуға кедергі келтіретін жүйелі тосқауылдарды анықтауға ҰКП-ның қатысуы болмақ. Талдау нәтижесінде қалыптастырылатын ұсыныстар мен ұсынымдар нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын жақсартуға ықпал етеді.
Инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде сүйемелдеу де Палата жұмысының маңызды бағытына айналады. Кәсіпкерлер көбіне рұқсат беру құжаттарын алу, жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік инфрақұрылымға қосылу рәсімдерінің күрделілігіне тап болады. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге ҰКП-ның қатысуы туындайтын мәселелерді жедел шешу мақсатында бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Палатаның жаңа функциялары халықаралық кооперацияны дамытуда да маңызды рөл атқарады. ҰКП қазақстандық бизнестің жаһандық өндірістік тізбектерге белсенді интеграциялануына, бірлескен кәсіпорындар құруына және жаңа нарықтарға шығуына жәрдемдеседі.
Сонымен қатар, Палата Қазақстан Республикасы Үкіметінің бақылауындағы Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру жұмысына қатысады. Бұл бизнес қажеттіліктерін ескеруге және инвестициялық бастамаларды іріктеу процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа функциялар бизнес пен мемлекет арасындағы кері байланыстың қосымша тетігін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін және өңірлер мен жалпы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кәсіпкерлер үшін бұл жаңашылдықтар жобаларды құрылымдауға, серіктестер мен бірлесіп қаржыландыру көздерін іздеуге, сондай-ақ инвестициялық бастамаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеуге қолдау көрсете алатын институционалдық серіктестің пайда болғанын білдіреді.