«Атамекен» тауарлардың шығу тегін сараптау бойынша жаңа құзыретке ие болды

25.06.2026
«Атамекен» тауарлардың шығу тегін сараптау бойынша жаңа құзыретке ие болды

Қазақстан Республикасының Президенті 2026 жылғы 24 маусымда «Машина жасау және көлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заң машина жасау саласындағы құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруге, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, озық технологияларды енгізуге, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және саланың экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тауардың шығу тегіне сараптама жүргізу және тауардың шығу тегі туралы сараптама актілерін беру функциясының жүктелуі.

Тауардың шығу тегі туралы сараптама актісі – отандық өндірушілердің өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларының Еуразиялық тізіліміне енгізу үшін қажетті құжат.

Аталған тізілімге енгізілу өз кезегінде қазақстандық кәсіпорындарға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік және муниципалдық сатып алуларына қатысуға мүмкіндік беріп, өткізу нарықтарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.

Бұған дейін бұл функцияны сараптамалық ұйымдар жүзеге асырып келген болатын.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы мамыр айында тауарлардың шыққан елін айқындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, соған сәйкес сарапшы-аудиторлардың осы саладағы өкілеттіктері тоқтатылған еді.

Заң күшіне енгеннен кейін уәкілетті мемлекеттік органдар Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тауарлардың шығу тегіне сараптама жүргізу және сараптама актілерін беру тәртібін реттейтін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

Ұлттық палатаға аталған функцияның берілуі тауарлардың шығу тегін растаудың ашық, тиімді әрі бизнес мүддесіне бағдарланған жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қадам қазақстандық өндірушілердің Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына шығуына және олардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.