Қанат Шарлапаев Астанадағы JOLTAP жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан JOLTAP әлеуметтік жобасына барып, оның негізгі бағыттарымен, қол жеткізген нәтижелерімен және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл тетіктерімен танысты.
Сапар барысында тұрғындарға арналған «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері мен консультациялық орталықтардың жұмысы таныстырылды. Бұл орталықтарда қала тұрғындары жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, кәсіби бағдардан өтіп, сұранысқа ие мамандықтар мен цифрлық дағдылар бойынша оқуға жазылып, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңес ала алады.
JOLTAP жобасы халықтың табысын арттыруға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, кәсіби оқытуға және еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді дамытуға бағытталған. Жоба аясында жұмыссыз азаматтарды, NEET санатындағы жастарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және тұрақты табысы жоқ азаматтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.

Жоба аясында Астана тұрғындары тігінші, сатушы-кассир, бариста, электргазбен дәнекерлеуші, конструктор-модельер, корпус жиһаздарын жасау маманы және басқа да жұмысшы мамандықтарды тегін меңгере алады. Сонымен қатар қатысушыларға SMM, графикалық дизайн, веб-дизайн және бейнемонтаж сияқты цифрлық дағдылар бойынша оқыту бағдарламалары қолжетімді.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – JUMYS TAP платформасы және сауда, құрылыс, қоғамдық тамақтандыру, көлік, өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы жұмыс берушілердің серіктестік желісі арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.

«JOLTAP мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Жұмыс берушілердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып кадр даярлау бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді: кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге және азаматтардың тұрақты табыс табуы мен кәсіби өсуі үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға жағдай қалыптастырады», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның білім беру бағдарламалары бизнес қажеттіліктерін ескере отырып әзірленеді, бұл түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін айтарлықтай арттырып, елорда еңбек нарығының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Жобаның бастамашысы – Астана қаласының әкімдігі, ал бірлескен операторы – «Жаңа Мүмкіндік» қоғамдық қоры.