«Атамекен» ҰКП алаңында жаңа Құрылыс кодексінің негізгі ережелері талқыланды

26.06.2026
«Атамекен» ҰКП алаңында жаңа Құрылыс кодексінің негізгі ережелері талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің, салалық қауымдастықтар мен одақтардың, бизнес-қоғамдастық пен құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің қатысуымен Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кеңес өтті.

Кездесу барысында уәкілетті орган өкілдері Мемлекет басшысы 2026 жылғы 9 қаңтарда қол қойған және ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Құрылыс кодексінің негізгі жаңашылдықтарын таныстырып, оны тәжірибеде қолданудың ерекшеліктерін түсіндірді.

Жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласын реттеудің заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған және құрылыс объектілерінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерін – жоспарлау мен жобалаудан бастап пайдалану және жаңғыртуға дейінгі процестерді қамтиды. Құжат саланы одан әрі цифрландыруға, құрылыс сапасын арттыруға, мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіруге және өзін-өзі реттеу институтын дамытуға негіз қалайды.

Кеңес барысында құрылыс процестерін цифрландыру, қала құрылысы кадастрының жұмыс істеуі, жобаларға сараптама жүргізу, сондай-ақ құрылыс нарығына қатысушылардың қызметін реттеудің жаңа тәсілдері мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Жаңа Құрылыс кодексі – құрылыс саласын жүйелі түрде реформалауға бағытталған маңызды құжат. Ол нарықтың барлық қатысушылары үшін ашық әрі бірыңғай қағидаларды қалыптастырады. Кодекс шашыраңқы нормаларды бір жүйеге келтіріп, әкімшілік кедергілерді азайтады, процестерді цифрландыруды күшейтеді және құрылыстың барлық кезеңдеріндегі жауапкершілікті арттырады.

Кодекстің басты мақсаты – құрылыс объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, бюрократиялық рәсімдерді қысқарту, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және Қазақстанның құрылыс кешенінің тұрақты дамуы үшін заманға сай жағдай жасау», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс кодексін әзірлеуге белсенді қатысып, құжатты талқылаудың барлық кезеңдерінде кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүдделерін білдіріп отырды. Салалық комитеттердің, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, бейінді қауымдастықтар мен құрылыс саласының сарапшыларының қатысуымен қалыптастырылған бизнес ұсыныстары мен ескертулері теңгерімді реттеу жүйесін құруға және нарық қатысушылары үшін артық әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталды.

«Бизнес үшін сапалы заңнамалық актінің қабылдануы ғана емес, оны іске асыру тетіктерін біркелкі түсіну де аса маңызды. Осындай түсіндіру іс-шаралары құрылыс қоғамдастығына жаңа талаптарға дер кезінде бейімделуге және оларды тәжірибеде тиімді қолдануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Назира Усенова.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Кодекстің жекелеген ережелерін іс жүзінде іске асыру тетіктерін таныстырды. Атап айтқанда, лицензия иелерінің автоматтандырылған тізілімінің жұмыс істеу тәртібі, 2028 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс саласы мамандарын сертификаттау жүйесіне көшу, сондай-ақ жобаларды «толық тапсыру» қағидаты бойынша іске асыруға мүмкіндік беретін, жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін қысқартуға және құрылыс сапасын арттыруға бағытталған техникалық тапсырыс беруші институтын енгізу мәселелері түсіндірілді.

Кеңес аясында Кодекс ережелерін түсіндіру бойынша «Мемқалақұрылыскадастр» РМК және «Мемсараптама» РМК өкілдері де сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Құрылыс кодексінің жекелеген нормаларын қолдану мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаласты. Бизнестің қосымша сұрақтары мен ұсыныстары өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы жинақталып, кейіннен уәкілетті органмен бірлесіп пысықталады.