Қарағанды облысы Словакиядағы бизнес-форумда инвестициялық әлеуетін таныстырды
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған делегация Словакия Республикасына ресми сапармен барды. Делегация құрамында облыстық басқармалардың басшылары, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің өкілдері, сондай-ақ өңірдегі жетекші кәсіпорындардың – «Қарағанды Жылу Транзит» ЖШС, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, «ПЛАСТ» ЖШС, «Қарағандыэнергоремонт» ЖШС, «Нордпром НС» ЖШС және «Сарыарқа» халықаралық әуежайының басшылары болды.
Сапардың негізгі оқиғасы Банска-Бистрица қаласында өткен Қазақстан – Словакия бизнес-форумы болды. Форумға екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығының және даму институттарының өкілдері қатысты.
Сапар аясында Қарағанды облысының делегациясы Банска-Бистрица өзін-өзі басқаратын өлкесінің төрағасы Ондрей Лунтермен, Банска-Бистрица өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасымен, Словакия Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Михал Фричпен және Қазақстан Республикасының Словакиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағыноваменекіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өңіраралық әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.

Бизнес-форум барысында Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқаратын өлкесі арасында Ниеттер туралы мәлімдемеге, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Бистрица өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Матей Бел университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Іскерлік бағдарламаның жалғасы ретінде Қарағанды облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов өңірдің негізгі артықшылықтары мен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы баяндады.

– Қарағанды облысы инвестиция тарту бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Бүгінде өңірде жалпы құны 13,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 153 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Облыс Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі ретінде халықаралық өндірістік кооперацияны дамытуға зор әлеуетке ие, – деді Ернар Күлпейісов.
Презентациядан кейін B2B және B2G форматындағы кездесулер өтіп, олардың барысында Қазақстан мен Словакияның бизнес және мемлекеттік сектор өкілдері бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндірістік кооперацияны дамыту және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Сапар аясында делегация Betamont, HTMAS Technopark, Adrian Group, Železiarne Podbrezová және Vonsch компанияларының жұмысымен танысты. Қатысушылар көлік инфрақұрылымы, машина жасау, металлургия және энергия үнемдейтін өндірістер саласындағы заманауи технологияларды зерделеді. Сонымен қатар, Қазақстан нарығында серіктестерімен жұмыс істеп жатқан Adrian Group компаниясымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысының өкілдері жекеменшік индустриялық-өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысып, инвестиция тарту, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және бизнесті қолдау бағытындағы Словакия тәжірибесін зерделеді. Сондай-ақ делегация медициналық оңалту және сауықтыру қызметтерін көрсететін Brusno шипажайында болды.
– Біз Словакияны Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз. Қол қойылған келісімдер экономика, білім беру және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жобалар арқылы жалғасып, өңіраралық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.