Кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысының аудандарына жұмыс сапарларын жалғастыруда

29.06.2026
Кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысының аудандарына жұмыс сапарларын жалғастыруда

Кәсіпкерлер палатасының жұмысы тек кеңседе кеңес берумен шектелмейді. Оның басты бағыты - жергілікті жерлерде бизнеспен тұрақты байланыс орнатып, кәсіпкерлердің мәселелерін өз орнында зерделеу. Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың Әйтеке би ауданына кезекті жұмыс сапары мұндай кездесулердің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өйткені дәл осындай іссапарлар барысында бизнестің нақты жағдайын көріп, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін жедел анықтап, оларды жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік туады.

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны Қарабұтақ ауылындағы Берік Аяпов басқаратын "Берик-АБ" ЖШС-нің "Әділ" кемпингі болды. Кәсіпорын халықаралық автожол бойындағы сервисті қарқынды дамытып келеді. Жақында мұнда 200 орындық қоғамдық монша, шаштараз және алыс жолға шығатын жүргізушілерге арналған өзге де қызмет түрлері іске қосылған. Сонымен қатар серіктестік мал шаруашылығымен айналысып, Ақтөбе қаласының ірі сауда желілеріне көкөніс жеткізеді.

Кездесу барысында Палата басшысы кәсіпкерге бизнесті дамытудың келесі маңызды қадамы ретінде жеке көкөніс сақтау қоймасын салуды ұсынды. Сонымен бірге кәсіпорын басшысы бүгінде көптеген аудандарға ортақ мәселеге - кадр тапшылығына тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуға ынтасы төмен, ал кейбір бос жұмыс орындарына шетелдік жұмыс күшін тарту қолданыстағы квота талаптарына байланысты қиындық туғызады.

Изображение

Осыған ұқсас мәселелер Қарабұтақтағы Лия Тян басқаратын "Тян Л.Б." ЖК-нің "Дальнобойщик" кемпингінде де көтерілді. Ширек ғасырлық тарихы бар отбасылық кәсіп алғашында шағын вагоннан басталып, бүгінде заманауи кафе мен жеке инвестиция есебінен 150 миллион теңгеге салынған 45 орындық қонақүйі бар кешенге айналған.

Бұған дейін Кәсіпкерлер палатасы аудан әкімдігі арқылы кәсіпорынның жер мәселесін шешуге қолдау көрсеткен болатын. Енді кәсіпкерлер шаруашылық құрылыстары үшін жер телімін кеңейтіп, автотұрақ орналасқан аумақты ұзақ мерзімге жалға рәсімдеуді жоспарлап отыр. Бұл мәселелер Палата мен аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қаралып, кәсіпкерге тиісті консультациялық қолдау көрсетіледі.

Изображение

Жұмыс сапары барысында тағы бір ірі инвестициялық жобамен танысу мүмкіндігі болды. Қарабұтақ ауылында құны 1 миллиард теңгені құрайтын "Алаш Метан" ЖШС-нің автомобильдерге арналған газ толтыру компрессорлық станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба толықтай инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет тарапынан жобаға көлемі 1 гектар жер телімі бөлінген. Биылғы шілде айында іске қосылатын станция Қазақстан - Өзбекстан - Ресей халықаралық бағытымен қатынайтын транзиттік жүк көліктері мен автобустарды экологиялық таза отын - метанмен қамтамасыз етеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 21 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Изображение

Жұмыс сапары ауданның ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі - "Құмқұдық" ЖШС-нің егіс алқаптарында жалғасты. Аудан әкімі Даулетияр Тоғызбаевпен бірге Палата директоры кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда жыл сайын 15 мың гектардан астам алқапқа дәнді және майлы дақылдар егіліп, элиталық тұқым өсіріледі әрі шамамен 1,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал бағылады.

Кәсіпорын басшысы Александр Чемоданов аграршылардың алдында тұрған күрделі мәселелер туралы айтты. Соның ең өзектісі - егістік алқаптарын таптап, үлкен шығын келтіріп жатқан киіктердің көбеюі. Шаруашылық өз қаражаты есебінен қазірдің өзінде 20 шақырым қоршау орнатқан, ал шілде айының ортасына дейін тағы 50 шақырым аумақты қоршау қажет. Сонымен қатар ол сайғақпен күресте ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдауды күшейту қажеттігін және кадр тапшылығы мәселесінің әлі де өзекті екенін жеткізді.

Изображение

Сонымен қатар аудандағы ауыл кәсіпкерлігі "Ауыл аманаты" бағдарламасының арқасында қарқынды дамып келеді.

Мәселен, кәсіпкер Саламат Сайымов бағдарлама арқылы 9,2 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, заманауи жылыжай салған. Отбасылық шаруашылық қияр мен қызанақ өсіріп, аудан тұрғындарын жыл бойы жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлайды.

Изображение

Осы бағдарлама аясында 4 миллион теңге алған Ықылас Айтымов көкөніс шаруашылығын дамыту үшін Сарыағаштан тәжірибелі агрономдарды шақырған. Бүгінде олардың көмегімен 4 гектар жерге картоп, сәбіз, қызанақ және асқабақ өсірілуде.

Изображение

Мемлекеттік қолдау тек ауыл шаруашылығын ғана емес, ауылдағы өзге де кәсіп түрлерін дамытуға серпін беруде. Биыл аудан орталығында "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы 8,9 миллион теңге қаржы алып ашылған "Бремжанова" ЖК-нің кондитерлік цехы жұмысын бастады. Бүгінде кәсіпорын тұрғындарды жаңа піскен нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп, екі ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Изображение

Жұмыс сапарының қорытындысында Дидар Боранқұлов Әйтеке би ауданының прокуроры Ақеділ Үсеновпен бірлесіп кәсіпкерлерді жеке қабылдады. Кездесуде мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі, жеңілдетілген несиелеу және мал шаруашылығын дамыту мәселелері көтерілді. Барлық өтініштер бақылауға алынып, оларды әрі қарай сүйемелдеуді аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Бозбетов жүзеге асырады.

«Аудандарға тұрақты шығу - кәсіпкерлер палатасы жұмысының ең тиімді тетіктерінің бірі. Мұндай кездесулер бизнестің нақты мәселелерін уақытылы анықтап қана қоймай, оларды сол жерде шешуге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлердің өндірісін кеңейтуіне, инвестициялық жобаларды іске асыруына және жаңа жұмыс орындарын ашуына оң әсерін тигізеді», - дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Осы аптада Палата өкілдерінің жұмыс сапарлары Хромтау және Қарғалы аудандарында жалғасады.

ИзображениеИзображениеИзображениеИзображение