Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді қабылдау өтті
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерлан Битанов пен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Ерболат Бөрібаевтың қатысуымен кәсіпкерлерді бірлесіп жеке қабылдау өтті.
Қабылдаудың басты мақсаты – кәсіпкерлерге практикалық көмек көрсету, олардың заңды құқықтарын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді қарастыру болды.
Кездесу барысында бизнес өкілдері мемлекеттік органдардың қолдауын қажет ететін бірқатар өзекті мәселелерді көтерді.
Өтініштердің бірі Жезқазған қаласындағы азық-түлік және ет өнімдерін сатып алу саласында қызмет жүргізетін жеке кәсіпкерден түсті. Өтініш иесінің айтуынша, ет жеткізушілері электрондық шот-фактураларды рәсімдемейтіндіктен әрі салық міндеттемелерін орындаудан жалтаратындықтан, ол жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне өте алмай отыр. Соның салдарынан кәсіпкер жұмсаған шығындарын шегерімге жатқыза алмайды. Оның пікірінше, бұл жағдай бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне көшуге кедергі келтіруде.
Тағы бір өтініш әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру және тасымалдау тарифтеріне қатысты болды.
Әрбір өтініш бойынша қабылдауға қатысушылар өтініш иелеріне қажетті консультациялар беріп, алдағы іс-қимыл тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, жекелеген мәселелер кейіннен сүйемелдеу үшін бақылауға алынды.
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Осындай бірлескен қабылдаулар бизнес өкілдерінің өтініштеріне жедел ден қоюға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және кәсіпкерлер қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді.



