Атырауда «Жарқыра» бағдарламасының жаңа маусымы басталды

29.06.2026
Атырауда «Жарқыра» бағдарламасының жаңа маусымы басталды

Өңірде Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлер форумы өтіп, оған әлеуметтік бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ірі компаниялар, коммерциялық емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның басты тақырыбы әлеуметтік кәсіпкерлік экожүйесін дамыту және оның тұрақты өсіміне жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру болды.

Форум «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры» қоғамдық қорының бастамасымен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен «Жарқыра» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама жүзеге асырылған он жыл ішінде 84 әлеуметтік кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 350-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, жыл сайын Атырау облысының 50 мыңнан астам тұрғынына оң әсерін тигізіп келеді.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджердің міндетін атқарушы Ерлан Қасым компанияның әлеуметтік бастамаларды қолдау өңірдің тұрақты дамуына қосатын маңызды үлесі екенін атап өтті.

«Жыл сайын "Жарқыра" бағдарламасы әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жаңа есімдерді танытып келеді. Қатысушылардың бастамашылдығы, инновациялық ойлау қабілеті мен қажырлы еңбегінің арқасында адамдардың өмірін жақсартатын жобалардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерге тиімді шешімдер ұсынатын әлеуметтік кәсіпкерлер қоғамның тұрақты дамуына елеулі үлес қосады. "Теңізшевройл" компаниясы бұл бағдарламаны қолдау мүмкіндігін мақтан тұтады. Біз үшін табыс өндірістік немесе қаржылық көрсеткіштермен ғана емес, өмір сүріп, еңбек етіп жатқан қауымдастықтардың әл-ауқаты мен дамуына қосқан үлеспен де өлшенеді», – деді Ерлан Қасым.

Форум барысында мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы жетілдіру, ресурстар тарту тетіктері және әлеуметтік кәсіпорындарды дамытудың заманауи құралдары талқыланды. Практикалық бөлімде сарапшылар бизнесті ауқымдандырудың, жасанды интеллектіні қолданудың және тиімді бизнес-процестерді құрудың табысты тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның қорытынды бөлімінде «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры» қоғамдық қорының директоры, «Жарқыра» бағдарламасының жетекшісі Ирина Горбаченко әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы кәсіби қауымдастық пен түрлі секторлар арасындағы әріптестіктің маңызы туралы айтты.

«Қазақстанда әлеуметтік бизнес енді тек энтузиастардың шағын бағыты емес. Бүгінде бұл – нақты жетістіктері, тиімді қолдау тетіктері және мемлекет, ірі бизнес пен азаматтық қоғамды біріктіретін кең серіктестік желісі қалыптасқан сала. Форум ұзақ мерзімді әрі тұрақты кәсіп құруға дайын кәсіпкерлердің саны артып келе жатқанын көрсетті. Біздің міндетіміз – оларға қажетті ресурстарды, білімді және кәсіби қауымдастықты ұсыну», – деді ол.

Форумның басты қорытындысы ретінде «Жарқыра» бағдарламасының жаңа маусымы ресми түрде іске қосылды. 2026 жылғы 1–20 шілде аралығында Атырау облысының тұрғындары әлеуметтік кәсіпорындарды құру және дамытуға арналған гранттар мен пайызсыз несиелер байқауына қатысуға өтінім беріп, сараптамалық қолдауға ие бола алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің зор әлеуетін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлерді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Изображение