Импорт пен өткізу нарығы: құрылыс материалдарын өндірушілер қандай мәселелерді көтерді?
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында қазақстандық құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының төмен жүктелуі мәселесі қаралды. Жиын Комитет төрағасы Қанат Ибраевтың төрағалығымен және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, заманауи өндірістік қуаттар мен ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге дайын болғанына қарамастан, көптеген қазақстандық өндірушілер өндірістік қуаттарын толық пайдалана алмай отыр. Сонымен қатар құрылыс материалдарының едәуір көлемі әлі де импортталуда, ал отандық кәсіпорындардың өнім өткізу мүмкіндіктері шектеулі күйінде қалып отыр.
«Теплый Дом Атырау» ЖШС директоры Арман Сағдығалиев құрылыс жобаларын іске асыруға қазақстандық өндірушілерді белсенді тарту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорын Атырау облысындағы толық циклді сэндвич-панель өндіретін жалғыз кәсіпорын әрі еліміздің батыс өңіріндегі санаулы өндірушілердің бірі болғанымен, қолда бар өндірістік қуаттар толық жүктелмеген.
Ал «Сантехпром» ЖШС өкілі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларда отандық өндірушілердің нарық қажеттілігін толық қамтамасыз ету мүмкіндігі бола тұра, импорттық жылыту радиаторларының қолданылып отырғанын мәселе ретінде көтерді.
Өз кезегінде «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС өкілі коммуналдық тарифтердің өсуіне назар аударды. Атап айтқанда, 2021 жылдан бері тауарлық газ құнының төрт есеге өсуі өндірілетін өнімнің өзіндік құнына елеулі әсер еткен.
Сондай-ақ Ақтөбе облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Индустрия салалық кеңесінің мүшесі Сергей Симонов жаңа Су кодексі мен оған тәуелді нормативтік құқықтық актілердің талаптарына қатысты мәселе көтерді. Атап айтқанда, су пайдаланушылар үшін су шығындарын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу міндеті қарастырылған. Бұл талаптардың орындалмауы су пайдалану құқығын шектеуге немесе тоқтатуға әкелуі мүмкін екені айтылды. Сонымен бірге құрылыс материалдарын өндіру барысында судың технологиялық процесте тікелей пайдаланылатынын және оны қайта айналымға жіберу немесе қайта пайдалану мүмкін еместігін ескере отырып, салалық ерекшеліктерді назарға алу қажеттігі атап өтілді.
Отырысты қорытындылаған Комитет төрағасы Қанат Ибраев өңдеу өнеркәсібі үшін өнім өткізу мәселесі негізгі түйткілдердің бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Өнім өткізу мәселесін шешу өндірістік қуаттарды толық жүктеудің, жұмыс орындарын сақтаудың және қазақстандық өндірісті одан әрі дамытудың басты шарттарының бірі», – деді ол.