Еңбек – жаңа өмірге бастар мүмкіндік: «Атамекен» ӨКП кәмелетке толмаған сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге бизнестің қатысуын кеңейтуді ұсынады
Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесіне барып, кәмелетке толмаған сотталғандарды кәсіптік оқыту мен еңбекпен қамту жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысты.
Қазіргі таңда мекемеде 78 кәмелетке толмаған жазасын өтеуде. Олардың 10-ы мекеменің шаруашылық қызметінде еңбек етеді.
Мекемеде кәсіптік даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Жасөспірімдер токарь, дәнекерлеуші, тігінші және шаштараз мамандықтары бойынша білім алуда. Оқу мерзімі алты айды құрайды. Курсты аяқтағаннан кейін түлектерге кәсіби біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының пікірінше, мамандық пен практикалық дағдылар – бостандыққа шыққаннан кейінгі табысты қайта әлеуметтенудің берік негізі.
Қайталама құқық бұзушылықтардың басты себептерінің бірі – адамның бостандыққа мамандықсыз, еңбек тәжірибесінсіз және өзін қалай қамтамасыз ететінін білмей шығуы. Ал сұранысқа ие кәсіпті меңгеру адал еңбекпен табыс табуға, болашаққа сеніммен қарауға және қоғамға тезірек бейімделуге мүмкіндік береді.
Тарихқа көз жүгіртсек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бұрын «түзеу-еңбек мекемелері» деп аталуы кездейсоқ емес. Олардың міндеті тек жазаны орындау ғана емес, сонымен қатар еңбек пен білім беру арқылы адамның қоғамға қайта оралуына көмектесу болатын. Бүгінде «Атамекен» ӨКП қайта әлеуметтендіру жүйесіндегі еңбек пен кәсіптік білім беру бағыттарын күшейтуді маңызды деп санайды. Адам бостандыққа жасаған ісіне жауапкершілігін түсініп қана қоймай, меңгерген кәсібімен, расталған біліктілігімен және адал еңбек арқылы табыс табуға нақты мүмкіндігімен шығуы тиіс.
Осыған байланысты Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық жазаларды орындау жүйесінде кәсіптік оқыту мен еңбекпен қамтудың рөлін күшейту мәселесін талқылауды бастамақ.
Бизнес үшін бүгіннің өзінде бар мүмкіндіктер
№11 мекемесі кәсіпкерлерге ынтымақтастықтың бірнеше түрін ұсынып отыр. Кәсіпкерлерге мекеме аумағындағы өндірістік орынжайлар жеңілдетілген шарттармен және ең төменгі жалдау ақысы бойынша беріледі. Көптеген цехтар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл өндірісті қомақты бастапқы инвестициясыз бастауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпкерлер кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан жастарды жұмысқа тарта алады. Бұл бизнес үшін кадр тапшылығын шешудің тиімді жолы болса, жастар үшін бостандыққа шыққанға дейін нақты өндірістік тәжірибе жинақтап, еңбек тәртібін меңгеруге және сұранысқа ие дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Мұндай әріптестік барлық тарап үшін тиімді. Кәсіпкерлер дайын өндірістік алаң мен даярланған кадрларға қол жеткізеді, мемлекет қайта әлеуметтендіру жүйесін нығайтады, ал жастар мамандық пен еңбек тәжірибесінің арқасында жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады.
Қоғамның қауіпсіз болашағына салынған инвестиция
Әлемнің көптеген елдерінде кәсіптік білім беру мен еңбек қайталама қылмыстың деңгейін төмендетудің ең тиімді тәсілдерінің бірі ретінде қарастырылады. Еңбек адамды жауапкершілікке, тәртіпке тәрбиелейді және өзінің қоғамға қажет екенін сезінуге мүмкіндік береді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен бизнес арасындағы әріптестікті дамыту бірден бірнеше маңызды міндетті шешуге ықпал етеді: білікті кадрлар даярлау, отандық өндірісті қолдау, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлікті дамыту және адамның қоғамға толыққанды қайта оралуына нақты жағдай жасау.

Түзелу еңбек ету мүмкіндігінсіз мүмкін емес. Мамандық адамға тек табыс көзі ғана емес, сонымен бірге өзінің қоғамға қажет екенін сезінуге мүмкіндік береді. Ал бұл көп жағдайда адамның қайтадан қылмыс жасауына тосқауыл болатын ең сенімді факторға айналады.