Ақмола облысы аграршыларының мәселесі өз шешімін тапты
Жыл басынан бері Қазақстанның барлық өңірлеріндегі, оның ішінде Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар тап болған мәселе өз шешімін тапты. Әңгіме ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына қатысты Салық кодексінің 484-бабын қолдану тәртібін қайта қарауға қатысты.
Аталған норманы қайта қарау қажеттігін бизнес өкілдері биылғы наурыз айында ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаевпен өткен кездесуде көтерген болатын. Сол кезде «ATAMEKEN AGRO» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Максим Уланов экспорттаушылар үшін жаңа салықтық нормалардың енгізілуінен туындаған жағымсыз салдарға назар аударды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 484-бабының жекелеген ережелері күшіне енгеннен кейін ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылардың қаржылық жүктемесі едәуір артты. Олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өнім сатып алу кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) толық көлемде төлегенімен, оның тек 20 пайызын ғана есепке жатқыза алды. Соның салдарынан экспорттаушылардың шығындары ұлғайып, ішкі нарықтағы сатып алу бағасы төмендеп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табыстылығы азайды. Бұл өз кезегінде аграрлық саланың жалпы жағдайына кері әсерін тигізді.
«Экспорттық бағалар сыртқы нарықтарда қалыптасатындықтан, қосымша шығындарды өнімнің құнын арттыру арқылы өтеу мүмкін болмады. Өтелмейтін ҚҚС экспорттаушылардың қаржылық жүктемесін күшейтіп, кәсіпорындардың айналым қаражатын қысқартты әрі жеткізу мерзімдерінің бұзылу қаупін туғызды», – деді Максим Уланов.
Бизнес-қоғамдастық қалыптастырған ұсыныстар «Атамекен» ҰКП-ға жолданып, жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің қарауына шығарылды. Кейіннен бұл мәселе Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсенің отырысында қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға қатысты есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын түзету нормасын қолданбау туралы шешім қабылданды. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін Салық кодексінің 484-бабындағы мұндай түзетуді көздейтін норма күшін жояды.
ҚҚС-ты қайтаруға ұсынылған сомалардың негізділігі тауардың қозғалысы мен салықтың төлену тізбегін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден бастап экспорттаушыға дейін толық қадағалауға мүмкіндік беретін «пирамида» әдісі бойынша жүргізілетін салықтық тексеру барысында расталатын болады. Егер тексеру нәтижесінде заңнама талаптарының сақталғаны анықталса, экспорттаушы бұрын төленген қосылған құн салығын толық көлемде қайтарып ала алады.
«Шешім қабылдау барысында салалық қауымдастықтардың, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен экспорттаушылардың ұсыныстары ескерілді. Бұған дейін осы мәселе бойынша Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасына ғана «GRANUM AGRO» ЖШС, «NJ ASTYK TRADE» ЖШС, «Бидай жолы» ЖШС және басқа да кәсіпорындардан бірқатар өтініштер келіп түсті. Қабылданған шешім аграрлық сала үшін аса маңызды. Өйткені ол экспорттаушылардың қаржылық жүктемесін азайтып, олардың айналым қаражатын сақтауға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – бизнеске жасалған маңызды қадам ғана емес, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек