Дауларды сотқа дейін реттеу: бизнес уақытты, қаражатты үнемдеп, серіктестікті қалай сақтай алады
Ешбір дау бірден сот шешімінен басталмайды. Алдымен келіспеушіліктер туындайды, кейін келіссөздер жүргізіліп, ымыраға келу және серіктестік қарым-қатынасты сақтау жолдары қарастырылады. Дәл осы мәселелер Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Сіздің құқығыңыз» жобасының кезекті шығарылымында талқыланды. Кездесудің тақырыбы – дауларды сотқа дейін реттеу. Бұл құрал бүгінде бизнеске уақыт пен қаражатты үнемдеуге ғана емес, ең бастысы – іскерлік бедел мен серіктестердің сенімін сақтауға көмектесіп отыр.
Эфир барысында ШҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары Төлеген Тұрғамбаев пен Азат Ибрагимов жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің заманауи тетіктері туралы жан-жақты айтып, тәжірибеден нақты мысалдар келтірді және кәсіпкерлердің ұзаққа созылған сот процестерінің орнына диалогты жиі таңдай бастағанын көрсететін статистикалық мәліметтермен бөлісті.
ШҚО МАЭС төрағасы Төлеген Тұрғамбаевтың айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында 688 татуластыру рәсімі өткізіліп, оның 345-і сәтті аяқталған.
«Татуластыру рәсімдерінің тиімділігі 50,1 пайызға жетті. Салыстыратын болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 35,3 пайызды құраған болатын. Бұл статистика бизнес қауымдастығының медиация және дауларды соттан тыс реттеу тетіктеріне деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Төлеген Тұрғамбаев.
Судьялар сотқа дейінгі реттеу рәсімдерінің жай ғана формалдылық немесе сотқа жүгінудегі қосымша кедергі емес екенін ерекше атап өтті. Керісінше, бұл – келіссөздер, талап қоюға дейінгі жұмыс, құжаттар алмасу немесе медиация арқылы дауды ерте кезеңде өзара шешуге мүмкіндік беретін тиімді құрал. Көп жағдайда сауатты дайындалған талап-арыз және тараптардың сындарлы диалогқа дайын болуы ұзақ сот процестері мен оған байланысты шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Судьялардың айтуынша, мұндай тетіктер берешекті өндіріп алу, тауар жеткізуге қатысты даулар, құрылыс мердігерлігі, жалдау қатынастары, қызмет көрсету, корпоративтік жанжалдар және мемлекеттік сатып алу шарттарын орындау салаларында барынша тиімді жұмыс істейді. Себебі дәл осы бағыттарда тараптар тек ағымдағы мәселені шешуге ғана емес, әрі қарайғы ынтымақтастықты жалғастыруға да мүдделі болады.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жанғырханова талқыланып отырған тақырыптың өзектілігін атап өтті.
«Кәсіпкерлер қауымдастығы үшін туындайтын даулардың заң аясында ғана емес, сонымен қатар уақыт пен қаржыны барынша үнемдей отырып, жедел шешілуі және тараптар арасындағы іскерлік қарым-қатынастың сақталуы маңызды. Сондықтан медиацияны және дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін дамыту бизнес үшін қолайлы құқықтық ортаны жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді», – деді Айжан Жанғырханова.
Сондай-ақ ол эфирдің ел үшін маңызды конституциялық өзгерістер кезеңінде өткізілуінің символдық мәніне тоқталды.
«2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне еніп, 1995 жылғы Конституцияның қолданысы аяқталады. Алайда қандай конституциялық өзгерістер орын алса да, құқық үстемдігі, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау және дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктерін дамыту сияқты құндылықтар өзгеріссіз қалады», – деп толықтырды Айжан Аблаевна.
«Сіздің құқығыңыз» жобасының кезекті шығарылымы тағы да қазіргі заманғы сот төрелігінің тек сот шешімдерімен ғана шектелмейтінін көрсетті. Ол – ең алдымен татуласуға мүмкіндік іздеу. Тараптар бір-бірін тыңдауға дайын болған кезде дау қарсыласу алаңынан шығып, өзара тиімді шешім табудың бастапқы нүктесіне айналады.