Павлодарда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға 50 бизнес субъектісі үміткер
Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысушылардың құжаттары мен өнімдерін қарау жөніндегі сараптамалық топтың отырысы өтті. Оған Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам қатысты.

Қатысушылар сараптама комиссиясының қарауына өз өнімдерін ұсынып, бұған дейін байқауға қатысу үшін қажетті құжаттарды тапсырған болатын. Өңір кәсіпорындарының өкілдері комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, өз тауарларын таныстырды. Олардың көпшілігінің Қазақстанда баламасы жоқ немесе шетелдік нарықтарда табысты сатылып келеді. Сонымен қатар ұсынылған өнімдердің бірқатары маркетплейстер пайдаланушылары арасында жоғары сұранысқа ие.

Жобаға барлығы 23 кәсіпкерлік субъектісі қатысып отыр. Олардың қатарында DQB 750 ұшқышсыз авиациялық жүйесін; матрастар мен ұйқыға арналған бұйымдарды; темірбетон өнімдерін; газ талдау жабдықтарын; кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын, желдету және жылыту жабдықтарын, теміржол локомотивтері мен электровоздарға арналған бөлшектерді; сорғы-компрессорлық және шегендеу құбырларын, сондай-ақ құбыр арматурасын; хлор-сілті өнімдерін; полиэтилен және көбік полиуретанмен алдын ала оқшауланған құбырларды, сондай-ақ оларға арналған фасондық бөлшектерді өндіретін кәсіпорындар бар.

Сонымен қатар үміткерлер қатарында жұмсақ жиһаз; түйіршіктелген полипропилен мен полипропилен қаптары; бидай ұны; коспадан дайындалған десерт, «Павлодарлық» жеміс шырыны қосылған құрт; мәнті, тұшпара және сүйек сорпасы; макарон өнімдері; сүт, айран және қаймақ; шұжықшалар; балмұздақ пен шәрбаттар; күркетауық етінен жасалған шұжық өнімдері; ұлттық қуыршақ-музыкалық аспабы – ортеке, қабырғаға арналған этно-декор және басқа да көптеген өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындар бар.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы жыл сайын жеке және заңды тұлғалардың отандық өнім сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, сондай-ақ Қазақстан нарығын жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі. Байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылады: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары», – деп атап өтті Айдос Шайхислам.

Оның айтуынша, әр номинация бойынша үш жеңімпаз анықталады. Өңірлік кезеңнің тоғыз жеңімпазы Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысу мүмкіндігіне ие болады. 2026 жылы көрме-байқаудың өңірлік кезеңі 15 шілде күні Павлодар қаласында өтеді.
