Кәсіпкерлерден 22,9 миллион теңгені қайтару талап етілді: дау қалай шешілді?

01.07.2026
Кәсіпкерлерден 22,9 миллион теңгені қайтару талап етілді: дау қалай шешілді?

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің араласуымен төрт кәсіпкер 22,9 миллион теңгеден астам қаражатты қайтару міндетінен босатылды. Бұл іс кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, еліміз үшін маңызды сот тәжірибесінің қалыптасуына негіз болды.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасына «AYSel» ЖК, А.С. Исаканова ЖК, «Гастроном №40» ЖШС және «Камила» ЖК жүгінді. Олар Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Қарағанды облысының еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің кәсіби оқытуға, білім алушыларға төленген шәкіртақы мен материалдық көмекке жұмсалған бюджет қаражатын қайтару туралы талап қойғанын хабарлады.

Еңбек мобильділігі орталығы бұл талаптарды Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 28-тармағының орындалмауымен байланыстырған. Алайда кәсіпкерлер мұндай ұстаныммен келіспей, құқықтарын қорғау үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Мәселе Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.

Кеңесте қаралғаннан кейін Еңбек мобильділігі орталығы «AYSel» ЖК-не қатысты 6,1 миллион теңге және А.С. Исаканова ЖК-не қатысты 2,3 миллион теңге көлеміндегі талап-арыздарын беруден бас тартты.

Ал қалған екі іс сотқа дейін жетті.

«Гастроном №40» ЖШС-нен 10,8 миллион теңге өндіру туралы талап бойынша Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары кәсіпкердің мүддесін сотта қорғады. Бірінші сатыдағы сот талап-арызды толық қанағаттандырудан бас тартты. Кейін Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Осындай шешім «Камила» ЖК ісі бойынша да қабылданды. Бірінші сатыдағы сот 3,7 миллион теңгені өндіру туралы талапты толық қанағаттандырудан бас тартты.

Нәтижесінде кәсіпкерлердің 22,9 миллион теңгеден астам мүліктік мүддесі қорғалды.

– Бұл іс тек төрт кәсіпкердің мәселесін шешумен шектелмейді. Біз әділ шешімге қол жеткізіп қана қоймай, маңызды сот тәжірибесінің қалыптасуына ықпал еттік. Соттар жұмыс беруші оқудан өткен азаматтың кейін жұмысқа орналасудан бас тартқаны үшін жауапты болмауы тиіс екенін нақтылады. Мұндай шешімдер кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және алдағы уақытта осындай даулардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Геннадий Жмук.

Палата мамандарының айтуынша, Кеңес алаңында қаралатын мұндай мәселелер жекелеген кәсіпкерлердің құқықтарын қалпына келтіріп қана қоймай, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге және бизнестің заңды мүдделерін қорғауға ықпал етеді.

Анықтама: Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты жүйелі және жеке мәселелерді қарайды. Кеңес жұмысының нәтижесінде әкімшілік кедергілерді жоюға, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге және өңірдегі қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруға ықпал етіледі.