Атырауда кәсіпкерлерге тағамнан уланудың алдын алу шаралары түсіндірілді
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бизнес өкілдеріне арналған семинар өткізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға өнім қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптары, бақылау сатып алуын жүргізу тәртібі, сондай-ақ жаппай тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары түсіндірілді.
Департамент мамандары санитариялық заңнама талаптары, өндірістік бақылауды ұйымдастыру және заң бұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы баяндады.
Семинарда тағамнан уланудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Атырау облысында 2007–2025 жылдар аралығында жаппай тағамнан уланудың 22 жағдайы тіркеліп, салдарынан 1000-нан астам адам зардап шекті. Оның ішінде 2025 жылы екі жағдай тіркелсе, биылғы жылы жаппай улану фактілері анықталған жоқ. Мұндай оқиғалардың негізгі себептері – өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы, қызметкерлердің жеке бас гигиенасы талаптарын сақтамауы, санитариялық кітапшалардың болмауы, дайын тағамды тасымалдау талаптарының бұзылуы, сондай-ақ медициналық тексеруден өтпеген және тиісті біліктілігі жоқ қызметкерлерді жұмысқа тарту», – деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Әсем Жұбанова.

Семинар барысында өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеу, жауапты тұлғаны тағайындау және анықталған заң бұзушылықтарды уақытылы жою қажеттігі де еске салынды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«Санитариялық талаптарды сақтау және өндірістік бақылауды дұрыс ұйымдастыру – бұл заңнама талаптарын орындау ғана емес, тұтынушылардың денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі. Осындай семинарлар кәсіпкерлерге қажетті түсіндірмелерді дер кезінде алып, ықтимал заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Амангелді Иманов.

