Журналистерге алғыс. Алматы Кәсіпкерлер палатасы БАҚ өкілдерін марапаттады
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлікті, экономиканы және іскерлік ортаны дамыту мәселелерін кәсіби әрі объективті түрде тұрақты жариялап жүрген журналистерге Алғыс грамоталарын табыстау рәсімі өтті.
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның маңызды институттарының бірі саналады. Журналистер ел өміріндегі өзекті оқиғаларды халыққа жедел жеткізіп, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы ашық диалогтың нығаюына ықпал етеді. Сондықтан да БАҚ өкілдерін «төртінші билік» деп атайды. Себебі кәсіби, әділ әрі жауапты журналистика қоғамдық пікірдің қалыптасуына, сенімнің артуына және ашық қоғам құруға қызмет етеді.
Алғыс грамоталарын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жанна Мұрзақұлова табыс етті.
Кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ол журналистердің күнделікті еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, Палатамен қалыптасқан нәтижелі әріптестік үшін ризашылығын білдірді.
«Сапалы журналистік материалдың артында үлкен еңбек, жоғары жауапкершілік және қоғамға шынайы ақпарат жеткізуге деген адал ұстаным тұрады. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жұртшылық отандық кәсіпкерлердің жетістіктері, бизнестің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары туралы жан-жақты ақпарат алады. Біз сіздердің кәсібиліктеріңізді, әділ ұстанымдарыңызды және Палатамен тығыз әріптестіктеріңізді жоғары бағалаймыз. Кәсіпкерлер палатасының бастамаларын қолдап келе жатқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге шығармашылық шабыт, тың тақырыптар, кәсіби табыстар, зор денсаулық және толайым жетістіктер тілеймін», – деді Жанна Мұрзақұлова.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Алғыс грамоталарымен:
Сергей Сочнев – Optimism.kz, Bizmedia.kz және Qazaqpress.kz басылымдарын біріктіретін EMPIRE-MEDIA медиатобының бас директоры;

Меймеш Үмбетәлі – «Алматы» телеарнасы ақпараттық-талдамалық бағдарламалар департаментінің бас редакторы марапатталды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кәсібилігі, объективті ұстанымы, жауапкершілігі және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бастамаларды тұрақты қолдап келе жатқаны үшін шынайы алғысын білдіреді.
Палата бұқаралық ақпарат құралдарымен қалыптасқан өзара сенімге негізделген әріптестікті жоғары бағалайды және бұл ынтымақтастық алдағы уақытта да кәсіпкерлікті дамытуға, ашық қоғамдық диалогты нығайтуға және отандық бизнесті қолдау ісіне өз үлесін қоса беретініне сенім білдіреді. Әрбір жарияланған материал ел игілігіне қызмет етіп, сөздеріңіз әрдайым салмақты әрі әсерлі болсын!