Кәсіпкерлер палатасы ҚТЖ мен бизнес арасында сындарлы диалог ұйымдастырды
Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында АӨК және көлік мәселелері жөніндегі салааралық кеңестің отырысы өтті. Қатысушылар назарының орталығында — Қостанай станциясын жаңғырту, оның өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ жеке операторлардың локомотивтік тарту күшімен кірме жолдарға қызмет көрсету аймағын кеңейту мәселелері болды.
Отырысқа салалық кеңес мүшелері мен мемлекеттік мекеме өкілдерін қосқанда 19 адам қатысты. Талқылау барысында тараптар пікір алмасып, логистикалық процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар топтамасын әзірледі.
Жиын модераторы — Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Амангелді Бекетаев атап өткендей, айтылған барлық бастамалар мен ескертулерді Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы жинақтап, одан әрі пысықтау және тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдарға жібереді.
Кәсіпкерлер палатасы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» — «Қостанай» филиалымен, Қостанай облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен және көлік прокуратурасымен тұрақты негізде жүргізіліп келе жатқан сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.