Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы мен ForteBank кәсіпкерлерге арналған бизнес таңғы ас өткізді
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы мен ForteBank ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлеріне арналған бизнес таңғы ас өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді банк өнімдері мен қаржыландыру мүмкіндіктерімен таныстыру, мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде ақпарат беру және бизнес өкілдерімен ашық диалог орнату.
Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Түркістан облыстық филиалының өкілдері, ForteBank мамандары және өңір кәсіпкерлері қатысты.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады.

ForteBank мамандары шағын, орта және корпоративтік бизнеске арналған қаржылық өнімдер, несиелеу, есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету, цифрлық сервистер мен бөлшек бизнеске арналған шешімдердің мүмкіндіктерін таныстырды. Әрбір таныстырылымнан кейін қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, кәсіпкерлермен пікір алмасу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандары мемлекеттік бағдарламалар аясында ұсынылатын субсидиялау және кепілдендіру құралдары туралы ақпарат берді. Ал Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге көрсетілетін сервистік және құқықтық қолдау бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев:
– Бизнестің табысты дамуы үшін кәсіпкерлердің қаржы институттары мен мемлекеттік қолдау ұйымдарының мүмкіндіктері туралы толық әрі нақты ақпарат алуы маңызды. Осындай кездесулер кәсіпкерлердің өзекті сұрақтарына жауап алып, тиімді шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді. Палата алдағы уақытта да кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және олардың бизнесін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады, – деді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар іскерлік байланыстарын нығайтып, алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.