«Атамекен» ҰКП, АХҚО Соты және Халықаралық арбитраж орталығы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

02.07.2026
«Атамекен» ҰКП, АХҚО Соты және Халықаралық арбитраж орталығы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

2026 жылғы 2 шілдеде «Атамекен» ҰКП, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Соты және Халықаралық арбитраж орталығы (ХАО) өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Құжат кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға, бизнесті құқықтық сүйемелдеу саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға, мамандардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ коммерциялық дауларды шешудің заманауи тетіктерін ілгерілетуге бағытталған.

Шара барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Бижанова кәсіпкерлердің құқығын қорғау және қолайлы құқықтық орта қалыптастыру Ұлттық палатаның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Ұлттық палата бизнеске қолайлы құқықтық ортаны жетілдіруге, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және коммерциялық дауларды тиімді шешу тетіктерін дамытуға бағытталған жетекші ұлттық және халықаралық институттармен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі ретінде 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Атамекен» ҰКП Арбитраж орталығын атап өтсек болады. Оны одан әрі дамыту әрі әлеуетін күшейту Палата қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. АХҚО Соты және Халықаралық арбитраж орталығымен жасалған Меморандум озық халықаралық тәжірибені енгізуге, сарапшылық әлеуетті нығайтуға және коммерциялық дауларды соттан тыс шешу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді», – деп атап өтті Г. Бижанова.

Изображение

АХҚО Соты мен Халықаралық арбитраж орталығының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт OBE келісімге қол қою Астанада өтіп жатқан Еуразиялық арбитраж апталығы аясында жүзеге асқанын жеткізді.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанды инвесторлардың құқықтары сенімді қорғалатын, халықаралық қауымдастық сенім артатын алаң ретінде әлемге таныту. Соның нәтижесінде елге деген сенім нығайып, тартылатын инвестиция көлемі де артып келеді», – деді ол.

Оның айтуынша, 8,5 жылдан астам уақыт ішінде АХҚО Соты мен Халықаралық арбитраж орталығы жалпы сомасы $4 млрд асатын дауларды қараған. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы $25 млрд астам инвестиция тартқан.

Кристофер Кэмпбелл-Холт OBE «Атамекен» ҰКП-мен қол қойылған Меморандум Қазақстанның іскерлік мүдделерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және елдің құқықтық жүйесіне инвесторлардың сенімін нығайтуға маңызды үлес қосатынын атап өтті.

Изображение

Меморандум аясында тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті:

  • білім беру бағдарламалары бойынша білім мен ақпарат алмасу;

  • бірлескен семинарлар, конференциялар және өзге де білім беру іс-шараларын ұйымдастыру;

  • кәсіби іс-шаралар мен жарияланымдарды өзара ақпараттық қолдау.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске қолайлы құқықтық ортаны жетілдіруге, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және коммерциялық дауларды шешудің тиімді тетіктерін дамытуға бағытталған жетекші ұлттық және халықаралық институттармен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.