Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы мен әкімшілік сот бизнес құқықтарын бірлесіп қорғайды

03.07.2026
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы мен әкімшілік сот бизнес құқықтарын бірлесіп қорғайды

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнеске қатысты істердің сотта қаралуына, экономикалық және әкімшілік даулардың айырмашылығы, дауларды шешудің балама тәсілі ретінде татуластыру рәсімдері, сондай-ақ әкімшілік істерді мемлекеттік тілде жолдау және қарау мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті.

Кездесуге Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев, облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы мен судьясы, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, заң консультанттары палатасы мен адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.

 

Изображение

Мұрат Мұсатаев Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мен өңірлік «Атамекен» палатасы арасындағы бірлескен жұмыс аясында бұған дейін тиісті меморандумға қол қойылғанын еске салды.

«Меморандумның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің толық іске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін нығайту бағытында ынтымақтастық орнату. Сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелері бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсету мақсатында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың төрағасы мен судьялары кәсіпкерлік субъектілері үшін ай сайын жеке қабылдаулар өткізіп, «дөңгелек үстел» форматында кездесулер ұйымдастырады», – деп нақтылады Мұрат Мұсатаев.

Отырыста көтерілген мәселелер тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, адвокаттар қауымдастығы үшін де қызықты болды. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Әділет Бақтияров істердің соттылығын түсіндіріп, экономикалық және әкімшілік даулардың айырмашылығына тоқталды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьясы Гүлмира Юсупова дауларды шешудің балама тәсілі бола алатын қолданыстағы татуластыру рәсімдері, сондай-ақ әкімшілік істерді мемлекеттік тілде жолдау және қарау тәртібі туралы түсіндірді.

Бейнеконференцбайланыс арқылы сот пен Кәсіпкерлер палатасының атына кәсіпкерлер мен адвокаттар қауымдастығынан бірқатар сұрақтар келіп түсті. Оларға сол жерде бірден жауаптар берілді.