Пайдалануға берілген нысан неге тіркелмейді: Кәсіпкерлер палатасы жүйелі мәселені көтерді
Қарағанды облысының кәсіпкерлері пайдалануға берілген нысанды мемлекеттік тіркеуден өткізу кезінде қиындықтарға тап болып отыр. Мәселе – мемлекеттік органдардың заңнаманы әртүрлі түсіндіруінде. Бір мемлекеттік орган нысанды пайдалануға қабылдаса, екіншісі меншік құқығын тіркеуден бас тартады. Бұл жүйелі мәселе Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.
Кеңес қарауына жеке кәсіпкердің өтініші негіз болды. Кәсіпкер нысанды реконструкциялап, сәулет және қала құрылысы бөлімі қабылдау актісін есепке қойғаннан кейін жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуге өтініш берген. Алайда тіркеуші орган сәулет және құрылыс саласындағы заңнама талаптарына сәйкессіздік бар деген уәжбен тіркеуден бас тартқан. Бұл мәселелерді бұған дейін уәкілетті орган тексергеніне қарамастан осындай шешім қабылданған.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Игорь Кветинскийдің айтуынша, мұндай тәжірибе бизнеске қосымша әкімшілік кедергілер туғызады.
«Бүгінде бір мемлекеттік орган нысанды есепке алса, екіншісі сол мән-жайларды қайта қарап, қарама-қайшы шешім қабылдайды. Соның салдарынан кәсіпкерлер уақытын жоғалтып, қосымша шығынға ұшырап, өз құқықтарын сот арқылы қорғауға мәжбүр болады».
Кәсіпкердің өкілі Азамат Саукомбеков тіркеуші орган өз құзыретінен тыс әрекет етіп отырғанын айтты.
«Сәулет органы өз қорытындысын беріп, нысанды есепке қойған. Біздің ойымызша, тіркеуші орган бұл мәселелерді қайта қарамауы тиіс. Осындай тәжірибе кәсіпкерлерді өз құқықтарын сотта қорғауға мәжбүрлеп отыр».
Қарағанды облысы Әділет департаменті мемлекеттік тіркеу заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Ерден Сағындықовтың айтуынша, мамандар ұсынылған құжаттарға құқықтық талдау жүргізеді, ал даулы жағдайларда уәкілетті органдардың ұстанымын сұратады.
«Мемлекеттік тіркеу кезінде біз қолданыстағы заңнаманы басшылыққа аламыз. Күмән туындаған жағдайда құзыретті органдарға сұрау жолдап, олардың жауабына сәйкес шешім қабылдаймыз. Ал сот шешімі шыққан жағдайда ол міндетті түрде орындалады».
Кеңес төрағасы Геннадий Жмук кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың әртүрлі түсіндірулерінің салдарынан зардап шекпеуі тиіс екенін атап өтті.
«Егер уәкілетті орган нысанды есепке қойған болса, сол мән-жайларды қайта бағалау мемлекеттік органдардың функцияларын қайталауға әкеледі. Кәсіпкер екі мемлекеттік органның бір заңды әртүрлі түсіндіруі салдарынан сот табалдырығын тоздырмауы керек».
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, осыған ұқсас даулар бұған дейін де сотта қаралған. Сот құрылыс рәсімдерінің сақталуын тексеру сәулет және қала құрылысы органдарының құзыретіне жататынын, ал тіркеуші орган олардың өкілеттігін алмастыра алмайтынын көрсеткен.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Қарағанды облысының прокуратурасына қалыптасқан тәжірибеге құқықтық талдау жүргізіп, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді ұсынды. Бұл мемлекеттік органдардың функцияларын қайталауды болдырмауға, жылжымайтын мүлікті тіркеудің бірыңғай тәжірибесін қалыптастыруға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.