Ақтөбеде кәсіпкерлер палатасы мен мәслихат Хромтау ауданындағы бизнес мәселелерін назарға алды

03.07.2026
Ақтөбеде кәсіпкерлер палатасы мен мәслихат Хромтау ауданындағы бизнес мәселелерін назарға алды

Аудандардағы бизнестің дамуы - бұл тек жаңа жобалар мен инвестициялар ғана емес, сонымен қатар жүйелі шешімдерді қажет ететін мәселелермен күн сайын бетпе-бет келетін кәсіпкерлердің еңбегі. Осыған байланысты Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесіп аудан-аудандарға жұмыс сапарларын жалғастыруда. Өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов Хромтау ауданына барды. Сапардың басты мақсаты - кәсіпкерлермен кездесіп, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу және заңнама мен мемлекеттік қолдау тетіктері деңгейінде шешуді қажет ететін мәселелерді тыңдау. 

Алғашқы нысан Табантал ауылдық округіндегі "Елім Табантал" шаруашылығы болды. Бүгінде бұл - Нұрбек Тілемісовтің басшылығымен жиырма жылдан астам уақыттан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан ауданның ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Жалпы жер көлемі 30 мың гектарды құрайды. Мұнда егін және мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Соңғы екі жылда шаруашылықты дамытуға 2 млрд теңге инвестиция салынды. Заманауи бордақылау алаңы салынып, жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. 

Кәсіпорынның әлеуметтік бағыты да ерекше назар аударуға тұрарлық. Қызметкерлерге күніне үш мезгіл тегін тамақ беріледі, сыйақылар төленеді, жеке қосалқы шаруашылықтарын жүргізуге қолдау көрсетіледі. Мұның бәрі білікті кадрларды сақтап, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. 

Изображение

Әлеуметтік жауапкершіліктің тағы бір жарқын үлгісі - Дон ауылдық округіндегі "Данияр" шаруа қожалығы. Оның басшысы Серік Уразымбетов мүмкіндігі шектеулі болса да, күн сайын шаруашылық жұмысын өзі бақылап отырады. Қазіргі таңда шаруашылық 10 мың гектарға жуық жерді игеріп, еділбай тұқымды 6 мыңға жуық қой өсіруде және 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Шаруашылықтың ерекшелігі - туған Оңғар ауылының дамуына қосып отырған үлесі. Кәсіпорын қызметкерлерге тұрғын үй салып, мектепке қолдау көрсетеді, малшыларды азық-түлікпен және соғыммен қамтамасыз етеді, лайықты еңбекақы мен сыйақы төлейді. Бұл ауыл кәсіпкерлігінің елді мекендердің тірегіне айналып келе жатқанын көрсетеді. 

Изображение

Кездесулер барысында кәсіпкерлер субсидиялау мен жеңілдетілген несиелеу қағидаларын жетілдіру қажеттігін айтты. Аграршылардың пікірінше, арнайы ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау тәртібін қайта қарап, басым бағыттарды нақтылау, сондай-ақ сапалы тұқым, әсіресе күнбағыс тұқымын сатып алуға берілетін қолдау шараларын күшейту қажет. 

Аудандағы кәсіпкерліктің дамуы ауыл шаруашылығымен ғана шектелмейді. Тассай ауылдық округінде жұмыс сапарына қатысушылар "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жеке кәсіпкер Елдар Ерғалиевтің жылыжай және көкөніс шаруашылығының жұмысымен танысты. 

Өңір үшін маңызды жобалардың бірі - жалпы құны 135 млрд теңгені құрайтын жел электр станцияларын салу жобасы. Жоба жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға, "жасыл" энергетика технологияларын енгізуге және өңірдегі ірі энергетикалық жобалардың біріне айналуға мүмкіндік береді. 

Изображение

Хромтау қаласында "АКМЭЗ" ЖШС-нің астық қоймасын қайта жаңғырту жобасын көрді. Кәсіпорын тазартылған күнбағыс майын өндіретін цехты іске қосуға дайындалуда. Жобаға шамамен 2 млрд теңге инвестиция салынған. Оның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Өнім ішкі нарыққа бағытталады, ал мемлекет күнбағыс өсіретін фермерлерді субсидиялау арқылы өңдеуші саланың дамуына қолдау көрсетіп отыр. 

Шағын бизнес те қарқынды дамуда. "ASTMED" ЖШС "Су әлемі" сауда белгісімен ауыз су өндіруді жолға қойған. "Өркен" бағдарламасы аясындағы мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын заманауи жабдық сатып алып, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. 

Изображение

Сонымен қатар "Ата-нан" ЖШС наубайханасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жобалық қуаты тәулігіне 5 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Дегенмен кәсіпкер көптеген өндіріс орындарына ортақ мәселелерді көтерді. Олар - электр энергиясының тарифі, қосымша жер телімін рәсімдеу және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. 

Жұмыс сапарының ерекшелігі - оған аудан әкімдігі өкілдерінің қатысуы болды. Соның арқасында бірқатар мәселелерді сол жерде талқылауға мүмкіндік туды. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелерді Кәсіпкерлер палатасы бақылауына алды. 

"Кейбір мәселелерді жергілікті жерде шешуге болады. Ал нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді қажет ететін мәселелер облыстық мәслихатпен бірлесіп пысықталады. Біздің міндетіміз - бизнестің ұсыныстары заңнамада өз көрінісін табуы", - деді ӨКП директоры Дидар Боранқұлов. 

Нұрлан Махамбетовтің айтуынша, жұмыс сапары барысында түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер жүйеленіп, қажет болған жағдайда облыстық мәслихаттың бейінді комиссияларының қарауына шығарылады. 

"Нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер жергілікті жерде еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің нақты қажеттіліктеріне негізделуі маңызды", - деп атап өтті ол. 

Хромтау ауданына жасалған жұмыс сапары кәсіпкерлердің өндірісті кеңейтуге және инвестиция салуға дайын екенін көрсетті. Алайда жер қатынастары, субсидиялау және тариф қалыптастыру мәселелері әлі де жүйелі шешімдерді қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Кәсіпкерлер палатасы, атқарушы органдар және облыстық мәслихаттың бірлескен күн тәртібінде болады.

ИзображениеИзображениеИзображение