Қазақстандық машина жасаушылардың ірі мемлекеттік жобаларға қатысу мәселелері талқыланды
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Машина жасау және металл өңдеу комитетінің отырысында отандық машина жасау саласын дамыту, қазақстандық өндірушілердің ұлттық жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту және жаңа өндірістер құруды қолдау тетіктері қаралды.
Отырыс Қазақстан машина жасаушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақановтың төрағалығымен өтіп, оған мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-нің, салалық бірлестіктер мен бизнес өкілдері қатысты.
Қазақстан машина жасаушылар одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков биыл 2-3 сәуір күндері Астанада өткен XIII Қазақстан машина жасаушылар форумының қорытындылары туралы баяндады. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, бизнестің, халықаралық ұйымдардың және әлемнің 20-дан астам елінен келген машина жасау кәсіпорындарының 1500-ден астам өкілі қатысты.
Форум қорытындысы бойынша саланы дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленіп, оларды одан әрі пысықтау және іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданды. Сонымен қатар Қазақстан машина жасаушылар одағы форум нәтижесінде қалыптасқан бастамаларды сүйемелдеуді жалғастырып жатқаны атап өтілді. Ұсыныстардың едәуір бөлігі заңнамада және өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шараларында көрініс тапқан.
Отырыс барысында басым салалық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыру және оны жүзеге асыру кезінде қазақстандық тауар өндірушілер өнімін барынша пайдалану мәселесі болды.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Елішілік құндылықты дамыту басқармасының басшысы Асхад Тілеубаев елішілік құндылықты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі арқылы сатып алу тетіктері енгізілген. Сонымен қатар өндірісті оқшаулаудың перспективалы бағыттарын айқындау үшін 2029 жылға дейінгі өнімге деген қажеттілікке талдау жүргізілуде.
Комитет төрағасы Ерқанат Мақанов отандық кәсіпорындардың ұлттық жобаларды іске асыруға қатысу тиімділігін арттыру үшін қосымша пысықтауды қажет ететін бірқатар жүйелі мәселелерді атап өтті. Олардың қатарында сатып алуды орта мерзімді жоспарлаудың болмауы, жобалық-сметалық құжаттаманың жеткілікті деңгейде дайын болмауы, сала қажеттіліктері туралы ақпараттың уақытылы берілмеуі, сондай-ақ сатып алудың цифрлық платформасының жұмысы мен АГСК-3 кодтарын беру мәселелері бар.
Отырыста атом энергетикасы жобаларын іске асыру кезінде жергілікті қамтуды дамыту мәселелері де қаралды. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейтов атом жобаларын жүзеге асыруға қазақстандық өндірушілерді тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-мен өзара іс-қимыл шеңберінде жаңа өндірістер құруға жәрдемдесу бағдарламасын іске асыру және импортты алмастыру тетіктерін одан әрі дамыту мәселелері қаралды. «Самрұқ-Қазына Контракт» ЖШС тізілімдер және ішкі құндылықты дамыту департаментінің директоры Шахмардан Қайыржан 2026 жылы оффтейк-келісімшарттар жасау тәжірибесін одан әрі кеңейту жоспарланып отырғанын атап өтті. Импортты алмастыру бағдарламасын іске асыру қазақстандық бизнес ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылуда.
Комитет мүшелері оффтейк-келісімшарттарды жасау кезінде шикізат, құрамдас бөлшектер құнының өзгеруі мен инфляциялық үдерістерді ескеретін баға белгілеу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ импортты алмастыру тауарлары пулына енгізілетін өнімдер тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қазақстандық машина жасауды одан әрі дамыту мемлекеттік органдардың, даму институттарының және бизнестің жүйелі үйлестіруін талап ететінін жеткізді.