«Атамекен» ҰКП жаңа Салық кодексін енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты

03.07.2026
«Атамекен» ҰКП жаңа Салық кодексін енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты

Алматыда өткен «Салықтар 2026: Жаңа ережелер және бизнесті қорғау» форумында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің жұмысы туралы баяндады.

Жобалық кеңсе Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен құрылған. Оның құрамына «Атамекен» ҰКП да кіреді. Бүгінгі таңда Жобалық кеңсенің 19 отырысы өткізілді.

Тимур Жаркеновтың айтуынша, Жобалық кеңес аясында бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету және салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған бірқатар мәселелер қаралды.

Изображение

Атап айтқанда, арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілермен жасалатын мәмілелер бойынша шегерімдерді сақтау, медицина саласына қосылған құн салығын қолдану мәселелері, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша ҚҚС қайтару тәртібі, мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, шағын және орта бизнес үшін салық есептілігін жеңілдету, сондай-ақ платформалық жұмыспен қамту саласындағы кедергілерді жою мәселелері бақылауда тұр.

Сонымен қатар ҰКП бастамасымен тауарларды таңбалауға арналған жабдықтарды сатып алу шығындарын корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге жатқызу және салық есептілігінің жекелеген нысандарын жетілдіру бойынша бизнес ұсыныстары қолдау тапты.

«Біздің міндетіміз – бизнестің жаңа салық ережелеріне барынша қолайлы әрі болжамды түрде бейімделуін қамтамасыз ету және кәсіпкерлер тарапынан туындайтын мәселелерге жедел әрекет ету», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

Қазіргі уақытта «Атамекен» ҰКП сарапшылары мемлекеттік органдармен бірлесіп Салық кодексі мен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге енгізілетін түзетулерді пысықтауды жалғастыруда. Ұсыныстардың бір бөлігі келісіліп, заң жобасына енгізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.