Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында медициналық қызметті лицензиялаудың жаңа талаптары талқыланды

03.07.2026
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында медициналық қызметті лицензиялаудың жаңа талаптары талқыланды

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті өкілдері мен жеке меншік медициналық ұйымдардың басшыларының қатысуымен бірлескен кеңес өтті. Кездесу медициналық қызметті лицензиялау саласындағы өзгерістер мен міндетті медициналық цифрлық жүйелерді енгізу мәселелеріне арналды.

Кеңесті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ольга Смирнова ашты. Ол медициналық ұйымдардың алдағы өзгерістерге дер кезінде дайындалуының маңыздылығын атап өтіп, жаңа талаптардың медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталғанын айтты.

Іс-шараның негізгі спикері департамент басшысының орынбасары Сабина Нагметуллина болды. Ол міндетті медициналық цифрлық жүйелерді (МЦЖ) енгізу, медициналық қызметті лицензиялау кезіндегі жаңа біліктілік талаптары, «СУР-2» ақпараттық жүйесінде есептік жазбаны құру және толтыру тәртібі, сондай-ақ лицензия алуға қатысты өзге де өзгерістер туралы жан-жақты түсіндіріп өтті.

Кездесуде 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енетін өзгерістерге ерекше назар аударылды. Жаңа талаптарға сәйкес, меншік нысанына қарамастан барлық денсаулық сақтау субъектілері Ұлттық электрондық денсаулық паспортына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің цифрлық ресурстарына қосылған медициналық цифрлық жүйені пайдалануға міндетті болады.

Кездесу барысында медициналық ұйымдардың өкілдері жаңа талаптарды қолдану бойынша практикалық түсіндірмелер алып, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелерін талқылап, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында мұндай түсіндіру іс-шаралары кәсіпкерлердің заңнамадағы өзгерістерге дер кезінде бейімделуіне және жаңа талаптарға сай жұмыс істеуге дайындалуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.