Орталық Азиядағы ең ірі каолин өңдеу комбинаты Ақмола облысында іске қосылды  

03.07.2026
Орталық Азиядағы ең ірі каолин өңдеу комбинаты Ақмола облысында іске қосылды   

Ақмола облысында каолин мен кварц құмын терең өңдеп, байытуға арналған Орталық Азиядағы ең ірі тау-кен байыту комбинатының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа өндірістік кешен Зеренді ауданындағы 30 жылға жуық уақыт бойы игерілмеген Алексеев кен орнының базасында орналасқан. Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы каолинді терең өңдеу бағытында іске асырылған алғашқы осындай ауқымды жоба. Алексеев кен орнының расталған каолин кенінің қоры 255 млн тоннаны құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанға дейін карьерлерде 120 мың тонна шикізат өндіріліп, өңдеуге дайындалған.

Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрады. Жоба тікелей мемлекеттік қаржыландырусыз, тек жеке инвестициялар мен коммерциялық несиелер есебінен жүзеге асырылды. Оны іске асыруға 150-ден астам отандық компания қатысып, қазақстандық қамту үлесі 96 пайыздан асты.

«Qazaq Kaolin» ЖШС-нің бас директоры Марат Хасеновтің айтуынша, кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 230 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеуге және 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин өндіруге мүмкіндік береді. Негізгі өніммен қатар кәсіпорын кварц құмының төрт түрлі фракциясын шығарады. Өндіріс заманауи неміс жабдықтарымен жарақтандырылған және жоғары экологиялық талаптарға сай. Судың тұйық айналым жүйесінің арқасында су тұтыну, энергия шығыны және өндірістік қалдықтардың көлемі едәуір қысқартылған.

Іске қосу-баптау кезеңінде кәсіпорында 53 маман жұмысқа тартылған. Жоба толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін 90 тұрақты жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстарының ең қызған кезеңінде нысанда 700-ге жуық адам еңбек етті. Сонымен қатар инвестор электрмен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға 650 млн теңге инвестиция салып, олардың қуатын үш есеге арттыру арқылы жақын маңдағы елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейтті.

Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мүсілманбек кәсіпорынның іске қосылуы еліміздің өңдеуші өнеркәсібін дамытудағы стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

«Бұл – отандық бизнестің қосылған құны жоғары өнім өндіруге инвестиция салуының жарқын үлгісі. Осындай жобалар өнеркәсіптің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және өңірлер экономикасының нығаюына ықпал етеді. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаларды идеядан бастап өндірісті іске қосуға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдеп, инвесторларға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға, инженерлік желілерге қосылуға және әкімшілік кедергілерді еңсеруге жәрдемдеседі. Сонымен қатар Палата серіктестер табуға және отандық кәсіпорындардың жаңа нарықтарға шығуына қолдау көрсетеді», – деді Ерқанат Мүсілманбек.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Ақмола облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға серпін беріп, Қазақстанның каолинді терең өңдеу өнімдерін өндіру және экспорттау бағытындағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.