Қостанай облысының «Бір ауыл – бір өнім» жобасының кәсіпкерлері DRIVE FORUM – NOMAD BOTAI этнофестивалінде өз өнімдерін таныстырды

02.07.2026
Қостанай облысының «Бір ауыл – бір өнім» жобасының кәсіпкерлері DRIVE FORUM – NOMAD BOTAI этнофестивалінде өз өнімдерін таныстырды

 

2026 жылғы 25–27 маусым аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Никольское ауылында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті – қазақ халқының байлығы» ұранымен ауқымды DRIVE FORUM – NOMAD BOTAI этнофестивалі өтті.

Фестивальдің жарқын бөлімдерінің бірі «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының көрмесі болды. Онда Қостанай облысынан барған кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің делегациясы өңірдің әлеуетін лайықты таныстырып, жергілікті өндірістің сапалы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Қостанайлық қатысушылар фестивальге өңіріміздің мәдени болмысы мен ұлттық ерекшелігін айқындайтын бірегей қолөнер бұйымдары мен гастрономиялық жаңалықтарды алып барды:

• Киіз өнері. Бағлан Анқауов («Анқауов Б.К.» ЖК) киізден жасалған көркем туындыларын көпшілікке таныстырды.

• Ұлттық кәдесыйлар. Айгүл Бекболатова киізден жасалған панноларды, балалар ойыншықтары мен естелік сыйлықтарын ұсынды.

• Дәстүрлі дәмдер. Назерке Тоққожа («Ауыл брэнд» ЖК) жаңа буынның қолөнер тәсілімен дайындалған жентін ұсынып, ұлттық тәттілерімен фестиваль қонақтарының ықыласына бөленді.

• Пайдалы инновациялар. Әсімгүл Жілқайдарова («Жілқайдарова» ЖК) өз әзірлемесі саналатын, нарықта сұранысқа ие жоғары сапалы наубайханалық қопсытқыш ұнтағын таныстырды.

Осындай іс-шараларға қатысу жергілікті тауар өндірушілерге тәжірибе алмасуға, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаңа серіктестер табуға және «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аясын кеңейтіп, ауыл кәсіпкерлігін республикалық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.