Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы Форсайт-орталығының ашылуына қатысты
Қостанайда өткен ауқымды форсайт-сессияда ғылыми-технологиялық экожүйені дамыту, ғылым, мемлекет және экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайту мәселелері негізгі тақырыпқа айналды. Аталған іс-шараға Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы белсенді қатысты.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының өңірлік Форсайт-орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа диалог алаңы өңір экономикасының негізгі салалары үшін практикалық инновациялық шешімдер әзірлеуге, ғылымды қажетсінетін технологияларды өндіріске енгізуге және отандық ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған.

Іс-шараға қатысушыларды құттықтаған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Елена Шевченко, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қоңқабаев және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ректоры Сейітбек Қуанышбаев қазіргі ғылым өңірлік бизнестің нақты технологиялық сұраныстарына жауап беруі тиіс екенін атап өтті. Жаңа орталықтың басты мақсаты – экологиялық және әлеуметтік факторларды ескере отырып, облыс кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің ерекше қызығушылығын практикалық форсайт-сессия тудырды.

Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, Палата мен кәсіпкерлік субъектілерінің Форсайт-орталығының жұмысына қатысуы кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерін қостанайлық ғалымдарға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай өзара іс-қимыл жергілікті өндірістің дамуына жаңа серпін береді.
Жаңа өңірлік Форсайт-орталығы ғылыми идеяларды өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық секторларында сұранысқа ие дайын бизнес-жобаларға жедел айналдыратын тұрақты көпірге айналмақ.