Ұлттық тауарлар каталогын енгізу барысы мен бизнес үшін туындайтын жасырын тәуекелдер Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында талқыланды

07.07.2026
Ұлттық тауарлар каталогын енгізу барысы мен бизнес үшін туындайтын жасырын тәуекелдер Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында талқыланды

Өңірлік «Атамекенде» Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізу мәселелеріне арналған Сауда салалық кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа кеңес төрағасы Арман Жылгелді жетекшілік етті. Жиынға Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко, кәсіпкерлер, сондай-ақ онлайн форматта ҚР ҰКП Сауда департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан қатысты.

Отырыс барысында кәсіпкерлер ҰТК-ны енгізудің қазіргі жай-күйін, жүйедегі техникалық қиындықтарды және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

Кәсіпкер Виктория Исарова бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Атап айтқанда, жүйе толық техникалық дайын болғанға дейін ҰТК-ны міндетті түрде енгізу мерзімін кейінге шегеру, бухгалтерлік есеп нысандарын NTIN кодтарын көрсетуге бейімдеу, бірыңғай тауар-көлік жүкқұжатын бекіту, шағын бизнес субъектілері үшін ҰТК-мен жұмыс істеудің жеңілдетілген тәртібін қарастыру, адал кәсіпкерлерді тауар кодтарын заңсыз пайдаланудан қорғау, коммерциялық тұрғыдан маңызды ақпараттың жария болуына жол бермеу, сондай-ақ жүйені кешенді тестілеуден өткізіп, мемлекеттік ақпараттық ресурстармен толыққанды ықпалдастыру ұсынылды. Барлық ұсыныстар ҚР ҰКП орталық аппаратына жолданды.

Изображение

Ұлттық палатаның Сауда департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжанның айтуынша, бүгінде Ұлттық тауарлар каталогы тәжірибелік пайдалану режимінде жұмыс істеп тұр және бұл кезең ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта ҰТК-ны пайдаланбағаны үшін айыппұл санкциялары қолданылмайды.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бизнес үшін елеулі жанама тәуекелдер сақталуда. Атап айтқанда, NTIN кодының болмауы мемлекеттік сатып алуларға және «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алуларына қатысу кезінде шарттарды орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Сондай-ақ жүйедегі техникалық шектеулерге байланысты кәсіпкерлер тауарларды қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоя алмай, соның салдарынан төлемдердің жүргізілуі мен келісімшарттардың орындалуы кешігуде.

Ернұр Әбжанның айтуынша, «Атамекен» туындаған мәселелерді шешу бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Алдағы күндері Қаржы вице-министрімен кездесу жоспарланған. Онда ҰТК-ны енгізуге қатысты ең өзекті мәселелер қаралады.

Сондай-ақ отырыста бөлшек саудамен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілерін Ұлттық тауарлар каталогын толтыру міндетінен босату мәселесіне ерекше назар аударылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікірінше, тауар карточкаларын импорттаушылар мен өндірушілер қалыптастыруы тиіс, ал бөлшек сауда өкілдеріне мұндай міндет жүктелмеуі қажет. Алайда іс жүзінде кәсіпкерлер тауарларда штрих-кодтардың болмауы, уақытша кодтарды пайдалану қажеттілігі, сондай-ақ салмақпен сатылатын өнімдер мен кегадағы сыра секілді жекелеген тауар санаттары бойынша шешілмеген мәселелерге тап болып отыр.

Отырыс барысында әлеуметтік маңызы бар 30 азық-түлік тауарының карточкалары жарияланғаннан кейін анықталған техникалық қателер де қаралды. Мәселен, кәсіпкерлер кейбір карточкалардың дұрыс толтырылмағанын анықтаған. Мысалы, кәдімгі картоп кабель өнімдері санатына енгізілген жағдайлар тіркелген.

Изображение

Ернұр Әбжанның айтуынша, анықталған барлық қателер мен жүйелік ақаулар жедел түзету үшін «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-на жолданған. Сонымен қатар ҰТК жұмысына қатысты жинақталған мәселелер жөніндегі ақпарат Қаржы министрлігіне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және Электрондық қаржы орталығына жіберілді.

Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерінен түскен барлық ұсыныстар мен ескертулер жүйеленіп, қажетті шешімдер қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына алдағы уақытта да тұрақты түрде ұсынылатыны атап өтілді.

Изображение