Бизнес Салық кодексіндегі жаңа өзгерістерге әсер ете алады
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауына «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына әзірленген Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаттың (РСКҚ) жобасы келіп түсті.
Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінің қолданылуына қатысты қоғам тарапынан айтылған сындарлы ұсыныстарды зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті өзгерістер енгізуді тапсырған еді.
Заң жобасы салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған бірқатар түзетулерді қамтиды. Ұсыныстардың басым бөлігі Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық офис аясында қаралып, олардың бірқатары Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамалары негізінде қолдау тапқан.
Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы бойынша тауарларды таңбалауға арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарды 150 пайыз мөлшерінде шегерімге жатқызу ұсынылады. Бұл ретте таңбалау құралдарын жағуға және оларды оқуға арналған жабдықтарды сатып алу шығындары қамтылады.
Сонымен қатар банктер жүзеге асыратын факторинг және форфейтинг операцияларын қосылған құн салығынан босату көзделген.
Сондай-ақ резидент еместерге төленген аванстарға салық салудың қолданыстағы 12 айлық мерзімін сақтау, ал жекелеген инвестициялық жобалар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындысы негізінде бұл мерзімді 24 айға дейін ұзарту ұсынылады.
Жобаға сәйкес тапсырыс берушінің шикізатынан өндірілген энергетикалық сусындарды беру кезінде акцизден босату, сондай-ақ күнтізбелік жыл ішінде жеке тұлғаның мүгедектік тобы өзгерген жағдайда әлеуметтік салықтық шегерім мөлшерін өзгеріссіз қалдыру жөніндегі бірыңғай тәсілді Салық кодексінде бекіту қарастырылған. Яғни, мүгедектік тобының жоғарылауына немесе төмендеуіне, сондай-ақ мәртебесінің өзгерген күніне қарамастан әлеуметтік салықтық шегерімнің мөлшері күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін өзгермейді.
Бұдан бөлек, халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде көрсетілетін аэронавигациялық қызметтерді қосылған құн салығынан босату ұсынылады.
Заң жобасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденттері болып табылатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға резиденттігін растайтын құжатты бергені үшін алынатын алымды алып тастау да көзделген.
Сонымен қатар Қазақстан экономикасының дамуына, технологиялар трансферіне және адами капиталдың сапасын арттыруға үлес қоса алатын шетел азаматтарының жекелеген санаттары үшін арнайы салықтық ынталандыру шараларын енгізу ұсынылады.
Жоба инвестициялық қызметті ынталандыруға бағытталған басқа да түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, инвестициялық келісімшарттар шеңберінде пайдаланылатын шикізат пен материалдарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босату, күрделі теңіз жобалары бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарттар аясында жер қойнауын пайдаланушылар сатып алып, кейін қорғаныс қажеттіліктері үшін мемлекет меншігіне берілетін тауарлар бойынша қосылған құн салығын есепке жатқызу, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған басым инвестициялық жобаларды іске асыратын ұйымдарға инвестициялық преференциялар беру тәртібін қайта қалпына келтіру ұсынылады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастық өкілдерін, салалық қауымдастықтар мен сарапшыларды Реттеушілік саясаттың консультативтік құжат жобасын талқылауға белсенді қатысуға шақырады. Жоба бойынша ұсыныстар мен ескертулерді 2026 жылдың 14 шілдесіне (қоса алғанда) дейін r.mukashev@atameken.kz электрондық поштасына жолдауға болады.
РСКҚ жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында орналастырылған.