Ақтөбе өңірінде 2026-2028 жылдары 3,4 мыңнан астам жаңа маман қажет болады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілердің кадрларға деген қажеттілігіне жүргізілген жыл сайынғы мониторингтің қорытындыларын шығарды. Ақтөбе облысында сауалнамаға 2 180 жұмыс беруші қатысты. Зерттеу нәтижелері техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға негіз болады.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, 2026-2028 жылдары өңір жұмыс берушілеріне 3 441 маман қажет болады. Ең жоғары сұраныс 2026 жылы болжанып отыр - 1 453 маман. Кейінгі жылдары тиісінше 1 121 және 867 маман қажет болады. Жалпы кадр қажеттілігінің үштен екісінен астамы Ақтөбе қаласына тиесілі. Мұнда кәсіпорындар 2 264 жаңа қызметкерді жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Хромтау, Қарғалы, Алға және Темір аудандарында да мамандарға сұраныс жоғары болады деп күтілуде.
Ең көп сұраныс денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында (907 маман), білім беру саласында (768), сауда және автокөлік жөндеу саласында (553), өңдеу өнеркәсібінде (315), сондай-ақ ауыл шаруашылығында (231) қалыптасады.
Ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында автослесарь, фельдшер, балабақша тәрбиешісі, анестезиолог-реаниматолог дәрігер, стоматолог ассистенті, жұмысшы, маркетолог, жалпы практика дәрігері, бухгалтер, сату жөніндегі менеджер және бастауыш сынып мұғалімі бар.
Талдау жұмыс берушілердің ең алдымен жоғары білімді мамандарға қызығушылық танытатынын көрсетті. Мұндай бос жұмыс орындарының саны - 1 326. Тағы 921 жұмыс орны техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған. Сонымен қатар шамамен 400 бос жұмыс орны бойынша білім деңгейі шешуші мәнге ие емес. Бұл жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.
«Жыл сайынғы мониторинг экономиканың кадрларға деген жалпы қажеттілігін ғана емес, сонымен қатар облыстың салалары мен аудандары бөлінісінде қандай мамандарға сұраныс жоғары болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру, жаңа білім беру бағдарламаларын ашу және қолданыстағыларын жетілдіру үшін маңызды негіз болып табылады. Біздің міндетіміз - жұмыс берушілердің нақты сұранысына барынша сәйкес келетін кадрларды даярлауды қамтамасыз ету. Мұндай тәсіл кадр тапшылығын азайтып, түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға ықпал етеді», - деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Перизат Қарасаева.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жыл сайынғы мониторингі экономиканың кадрларға деген қажеттілігін айқындаудың және мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Ол жұмыс берушілердің нақты сұранысын ескере отырып, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.